Сыр жұртшылығы маңызды кезеңде кедергісіз таңдау жасауы үшін 378 референдум учаскесі жұмыс істемек. Қазір барлық учаскелерді талапқа сай жабдықтау ісі басталып кетті. Ал, референдум комиссиясының мүшелері «Каскад» әдісімен оқу курсынан өтеді. Бұл туралы облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов хабарлады.
Жалпы, қала және аудандардағы аумақтық сайлау комиссиясының 56 мүшесі мен учаскелердегі 1190 комиссия мүшесі көшпелі оқуға тартылмақ. Қалған комиссия мүшелері каскад әдісімен оқытылатыны белгілі болды. Айта кетейік, 15 наурызда аймақ тұрғындары таңдау жасайтын 378 референдум учаскесі 9 аумаққа бөлінген. Онда өңірдің 497 мың 350 тұрғыны дауыс беруге құқылы. Айта кетейік, конституцияның жаңа жобасына ел азаматтарынан 10 мыңнан аса ұсыныс түскен. Соның ішінде Сыр жұртшылығының белсенділігі жоғары.