Достық үйінде Жаңа Конституцияның жобасын халық арасында түсіндіру әрі насихаттау мақсатында кеңейтілген жиын өтті. Облыс әкімінің төрағалығымен болған басқосуға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары және саяси партия жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Сыр өңірінде өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Ата заңның кейбір баптарына өзгеріс енгізу керектігін айтқан болатын. Осыған байланысты елімізде Конституциялық комиссия құрылды. Басты құжаттың жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, азаматтардың ұсыныстары ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ

//Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық, дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленген. Жаңа Преамбуланың басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Бұл еліміздің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен, азаматтардың зияткерлік әлеуетімен айқындалатынын білдіреді.//

Конституциядағы өзгерістер – еліміздің саяси жаңғыруына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Жаңа Ата заң жобасында әділеттілік, Заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр.

Жаңа Конституцияда отбасын қоғамның негізі ретінде бекіту, неке мен отбасылық қатынастарды реттеу, ата-ананың құқықтары, бала мемлекет қорғауында екендігі нақты көрсетілген. Сонымен қатар, Преамбуланың басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған.

Жаңа Конституцияның жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру әрі насихаттау мақсатында өңірлік коалиция құрылды. Түрлі сала өкілдерінен жасақталған коалиция мүшелері қазіргі уақытта еңбек ұжымдарын аралап, кездесу өткізуде.

Жиында Конституциядағы Гимн сөзін Әнұран деп ауыстыруға ұсыныс берген шиелілілік ұстаз Махамбетәлі Әбдіхамитұлы да өз ойын ортаға салды.

Айта кету керек, 15 наурыз күні Жаңа Конституцияға қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның алдағы даму кезеңін айқындайтын, ел тарихында алтын әріппен жазылатын атаулы күн болмақ.