Өнер орталығында облыстық симфония оркестрінің қазақ және әлемдік кинематографияның ең үздік фильмдерінен саундтрек концерті өтті. Музыка мен кино өнері тоғысқан кештегі атмосфера да ерекше болды.

Әлемге танымал кинолардың әуенін жанды дауыста тыңдаудың да әсері бөлек. Өйткені сюжеті қызық, сазы бөлек туындылар. Көрермендер назарына авторлық аранжировкада танымал музыкалық композициялардың заманауи интерпритациялары ұсынылды. Айта кетейік, облыстық симфония оркестрінің бұған дейін бірнеше концерті өткен болатын.

Оркестрдің дирижері – Рустам Рысмағамбетов. Өнер иесі бұл салада 10 жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келеді. Кеште халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Евгений Музыкант, Гаухар Бисекенова, Айсұлу Әбді, Аружан Төреғали, Жаннұр Аманбай және Сұлтанханым Қолдасбай, камералық хор ұжымы өнер көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді. Ал кештің режиссері – Мәдениет саласының үздігі Гафур Абитов және Ақерке Жаңабай. Концертте шабыт сыйлайтын қарқынды музыкамен қатар, нәзік те лирикаға толы әуен алмасып отырды.

Алғашқы саундтрек концертке деген ел ықыласы ерекше болды. Өйткені үздік кинолардың әуенін оркестрдің орындауында тыңдау мүлде бөлек сезім.