#qyzylordatv

Қазақстан Президенті телерадиокешенінің құрылғанына 30 жыл толуына орай басталған «Хроникадан – болашаққа» атты республикалық кинолекторий Қызылордада жалғасты. Тағылымды кешке жиналған зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындарының назарына «ARAL» деректі фильмі ұсынылды.

Бұл – бүкіл ғұмырын Арал теңізінде балық аулауға арнаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы портрет-фильм. 77 жастағы қарияның деректі-фильмнің басты кейіпкері ретінде таңдалып алынуы бекер емес. Шығармашылық топ осы арқылы теңіздің экологиялық мәселесін ғана емес, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігін де шебер суреттеген.

АҚЫЛБЕК ШАЛЖАНОВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ ДЕРЕКТІ КИНО ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Қызылорданың өзінде ең алғашқы көрсетілімді осы «ARAL» фильмінен бастап жатырмыз. Өйткені, Арал мәселесі, Арал теңізінің экологиялық жағынан болсын бүкіл мәселесі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзінің жіті назарында. Өйткені, бұл жалғыз Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы деп есептеймін. Өйткені, өздеріңіз білесіздер жан-жақта қоғамда әртүрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дей келе осы Арал теңізінің мәселесін жалпы көп қой фильмдер бірақ осы атамыз арқылы адам мен қанша жылға тарихы бар балықшы мен теңіздің ортасындағы байланысты тағы да бір еске түсіріп, көрсеткіміз келді. Бастапқы мағынасы – халыққа үміт салу. Теңізіміз қайтып оралады, үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Сол секілді кішкене ойымызды жеткіздік деп ойлаймыз.

 Кештің ең әсерлі сәтінің бірі – фильмнің басты кейіпкері, балықшы Күнтуған ақсақал көрермендер арасынан табылып, өзі түскен кадрларды үлкен экраннан бірге тамашалады. Қаратерең ауылының тумасы түсірілім барысында «Жас кезімде балық аулаған жерімді көріп, көзіме еріксіз жас алдым»,-дейді.

КҮНТУҒАН ТҰРҒЫНБАЕВ – «ARAL» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІНІҢ БАСТЫ КЕЙІПКЕРІ

Ауылдың әкімі айтты ауылға хабар келіп жатыр. Қарт балықшы керек бізге бұрыннан келе жатқан. Ұлы теңізді көрген. Сондай адам керек деп жатыр соған денсаушылығыңыз жарайды ма. Жарайтын болса аға бізге көмектесіңіз деді. Жарайды дедім. Бір күні Астанадан 7-8 жігіт келді. Қанша жерден келген соң сендердің өтініштеріңді жерге тастай алмаймын. Орындаймын дедім. Ертесі таңертеңнен бастадық бір жеті қарамағында болдым. Баяғы өзімнің балық аулаған жерлерімді көрдім. Көп жылдан бері шаңы шығып, қара жер болып қалған ғой. Түсірілім өзіме өте қатты ұнады. Жігіттер не айтады соны жүгіріп жүріп істедім.

Деректі фильм көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Көрсетілімнен кейін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет пен зиялы қауым өкілдері Президент телерадиокешенінің 30 жылдығымен құттықтап, шығармашылық топтың жұмысын жоғары бағалады.

Республикалық кинолекторий Қазақстанның 20 қаласын қамтымақ. Астана қаласынан бастау алған фильмнің көрсетілімі оңтүстікте, елдің батысы мен шығысында, артынша солтүстік шаһарларда жалғасып, 25-ші қыркүйекте Алматыда аяқталады.