#qyzylordatv

Қазақ поэзиясында қайталанбас қолтаңбасын қалдырған, өзіндік өрнегімен дараланған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойы туған жерінде аталып өтті. Теңізді өлкедегі тағлымды кешке ақынның жары, мәңгілік музасы Жұмагүл Сариева арнайы қатысып, құрмет төрінен көрінді.

Шөміште туған Шөмішбайдің балалық шағы, бал дәурені Қамбаш көлінің жағасында өтті. Аққұмшық жағажайында жатып, алғашқы өлеңдерін жазды. Толқында туған таланттың бала күнгі арманы теңіз капитаны болу еді. Бірақ ол қаламды серік етіп, шығармашылыққа бет бұрды. Қамыстыбастағы орта мектепті тәмамдаған соң «Толқын» газетінде фототілші болып жұмысқа кіреді. Алғаш еңбек жолын аудандық баспадан бастаған ауыл баласы арман қуып Алматыға аттанды. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Осылайша тілшіліктен басталған шығармашылық ақындыққа ұласып, Шөмішбай Сариев қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының көрнекті өкіліне айналды.

 Қамтыстыбас ауылындағы Шөмішбай Сариев білім алған мектеп ұжымы ақынның мерейтойына орай танымдық кеш ұйымдастырды. Оқушылар қаламгердің туған жерге деген сағынышынан туған туындыларын оқып, жүрек қылын тербетті.

Шара ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. «Шөмішбай мұрасы-руханият шамшырағы» атты кеште ақынның жары Жұмагүл Сариевамен сырлы сұқбат ұйымдастырылды. Осыдан 55 жыл бұрын Қамбаш топырағына келін болып түскен Қостанайдың қызы өткенге шегініс жасап, қызықты сәттермен, естен кетпес естеліктермен бөлісті.

 ЖҰМАГҮЛ САРИЕВА, Ш.САРИЕВТІҢ ЖАРЫ

Келін болып пойыздан түскенде тобықтан құм кешіп келіп едік үйге, елу жылда ел жаңа деген. Мінекей қазір деген қандай керемет болып кеткен Қамбаш елі. Басқа жерде болып жүрмінғой, мына жердегі кездесу мен үшін өте ыстық. Шөмішбайдың жүрген жері, бітірген мектебі, осы жерде өсіп-өнді, осы жерден оқуға түсті. Сондықтан Қамбаш жұртына рақметімді айтам

 Толқыны жағаға құлаш ұрған теңіз, Қамбаш көлі, әсем табиғат, қалықтап ұшқан ақ шағала. Мұның бәрі Шөмішбайдың шығармашылығына арқау, ғажайып туындылардың өмірге келуіне себеп болды. Кеште ақын өлеңдерімен қатар талайды тамсандырған, ел есінде сақталған, жүректе жатталған «Балдәурен», «Қарағым-ай», «Аралдан ұшқан аққулар», «Айналдым сенен, атамекен-ай» сияқты ескі әрі есті әндер шырқалды.

 «Қос қанатты ақын» атанған Шөміш¬бай Сариев өлеңнен өрнек өрген, поэзия мен ән әлемін үйлес¬тіре білген ерекше дарын иесі. Оның сөзіне жазылған бес жүзге жуық ән бүгінде халық арасына кеңінен тарап, ұлттық өнеріміздің алтын қорына енді. Ақынның 80 жылдығына арналған тағлымды кешке аудан әкімі қатысып, Шөмішбай Нағашыбайұлының шығармашылығымен өмір жолына тоқталды.

 АМАНЖОЛ ОҢҒАРБАЕВ, АУДАН ӘКІМІ

Шөмішбай ағамыздың шығармашылығынан ең алдымен туған жерге деген перзенттік махаббатты көреміз. Ол Аралды жырлады, елді жырлады. Ана тілін, қазақтың қасиетті домбырасын, ұлттың рухын жырлады. Сондықтан да оның өлеңдері уақыт өткен сайын құнын жоғалтпай, қайта халықпен бірге жаңғырып келеді. Ақын, аудармашы Шөмішбай Сариевтің есімі қазақ әдебиетіне әлдеқашан алтын әріппен жазылды. Алғаш поэзия әлеміне «Балдәуренмен» тәй-тәй басқан ақынның 30-ға жуық кітабы жарық көрді

Салтанатты жиында аудан әкімі ақынның жарына аралдықтардың атынан құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен қамзол кигізді, иығына орамал жапты.

Рухани шарада аудан өнерпаздары Шөмішбай Сариевтің өмірінен сыр шертетін театрландырылған қойылым қойды. Кеште ақынның өмірлік серігі Жұмагүлмен жолығуы, екі жастың арасындағы мөлдір махаббат, албырт сезім керемет суреттелді.

 Қойылымда аралдың қос перзенті, талантты тумалары Шөмішбай Сариев пен Мұрат Сыдықовтың арасындағы рухани байланыс, шығармашылық тандем көрініс тапты.

Кеш соңында Жұмагүл Сариева өзінің алған әсерімен бөлісіп, аралдықтарға алғаусыз алғысын жеткізді.

Есімі қазақ әдебиетінде алтын әріппен жазылған ақынды еске алу кешінде ән әуелеп, жырдан маржан төгілді. Осылайша арал топырағында ақын өлеңдері қайта тіріліп, тыңдарман рухани азық алып тарқасты.