#qyzylordatv
Елімізде талапкерлерге арналған жобалардың бірі — Study in Kazakhstan жоғары білім көрмесі. Жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру үшін көрме қызылордалықтардың назарына ұсынылды. Бір алаңда 60-қа жуық оқу орны өз білім беру бағдарламаларын таныстырды.
Study in Kazakhstan — талапкерлер үшін өз болашағын саналы түрде жоспарлап, еліміздегі және халықаралық деңгейдегі білім беру мүмкіндіктерімен танысуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өткен шарада жүздеген талапкерге бағыт-бағдар берілді.
ҚАЙЫРБЕК ҮМБЕТЖАНОВ - ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Біздің университеттің 95 жылдық тарихы бар және Қазақстандағы екінші жоғары оқу орындарының бірі. Қызылордаға үшінші рет келіп отырмыз. Соңғы екі жылда «биология-химия» пәндері бойынша өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, соның ішінде балық шаруашылығы мамандықтарына қабылдау жүріп жатыр. Сондай-ақ «ветеринария» мамандығына мемлекеттік грантпен 50 балл жинап түсуге болады. Бұл түлектер үшін үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда ветеринария және орман шаруашылығы сияқты мамандықтарда кадр тапшылығы бар. Әсіресе ауылдық жерлерде, оның ішінде Жаңақорған мен Шиелі аудандарында ветеринарлар жетіспейді. Сонымен қатар биыл ветеринарлардың жалақысы 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өседі.
Іс –шарада кәсіби бағдар беруші мамандар жастарға болашақ мамандығы бойынша оқу орындарын дұрыс таңдауға көмектесті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың білімге деген ынтасын арттырып, олардың ойдағыдай таңдау жасауына септігін тигізеді.
РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ – ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Study in Kazakhstan көрмесі кеше киелі Түркістан қаласында өтті, ал бүгін Қызылордаға келдік. Бірінші кезекте осы көрмені Қызылорда қаласында өтуге қолдау білдірген және ұйымдастыруға атсалысқан Қызылорда Облысының Әкімдігіне,Білім басқармасына және ерекше Қорқыт Ата университетіне Наурызбай Сейітқалиұлы сіздерге ерекше алғыс білдіргім келеді. Себебі бәріміздің мақсатымыз бір және айқын. Болашақ талапкерлердің өз мамандығын саналы түрде таңдап, ертең еліміздегі ашылып жатқан шетелдік филиалдарда оқып білікті маман болуы.
Мамандықты беделіне қарап емес, ең алдымен жүрек қалауымен таңдау керек. Себебі жас мамандардың болашағы дәл осы шешімге байланысты.