#qyzylordatv

Облыс орталығында медицина қызметкерлері арасында спорттық спартакиада басталды. Саламатты өмір салтын насихаттауға арналған дәстүрлі сайыс биыл 58-ші мәрте ұйымдастырылып отыр.

 Тарихы терең спартакиада жыл сайын өтеді. Әрі салаға сүбелі үлес қосқан дәрігерлерді дәріптеуімен ерекше. Бұл жолғы сайыс денсаулық сақтау саласының үздігі, алтын қолды дәрігер Ернияз Омаровты еске алу сәтімен ұштасып отыр. Сыр перзенті арамызда болса биыл 95 жасқа толар еді. Бағамдасақ, білікті дәрігер тірлігінде талай жанға жарық сәуле сыйлады. Сондықтан өзі жарық дүниеден көшсе де, қалдырған ізі жарқырап тұр. Ізбасарларының ілкімді ісі осының дәлелі.

Саламатты өмір салтын ұстану әрбір адам үшін маңызды. Ал дәрігерлер осы дағдыны дәріптеуде үлгі болғаны құп. Міне, дәстүрлі доданың түпкі мақсаты осы. Биыл 58-ші мәрте ұйымдастырылған спартакиадада 20-дан астам команда бақ сынауда. Олар спорттың 7 түрі бойынша шеберлік байқаспақ.

 СӘУЛЕБЕК ЫСҚАҚОВ – ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ЖҰМЫСКЕРЛЕРІ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

 Бүкіл аудан, қалалық емхана, аурухана ұжымдары жыл сайын белсенді қатысады. Биыл да сол дәстүрлі жарыс жалғасын табуда...

 ГҮЛДАНА ЕСБОЛОВА – МЕДБИКЕ

 Біз Шиелі ауданынан көпбейінді орталық ауруханасынан қатысып отырмыз. Басқа қатысушыларға сәттілік тілейміз. Біз жалпы Шиеліден 15-ке жуық маман келдік...

 Спартакиада аясында сайысқа қатысушылар футбол, волейбол, теннис секілді тартысты додалармен қатар, асық ату, тоғыз құмалақ секілді ұлттық спорт түрлерінен де сайысқа түседі. Ал, жеңімпаздар қаржылай сыйлыққа ие болмақ.