#qyzylordatv

Облыс орталығында «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдық мерейтойына арналған үстел теннисінен турнир өтті. Жарысқа жергілікті ойыншылардан бөлек көршілес Түркістан облысынан барлығы 150-ге жуық спортшы қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.

«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры 10 жылдық мерейтойы аясында еліміздің барлық өңірінде «Samruk Alaman» республикалық жарыс өткізуді қолға алған болатын. Міне, алғашқы турнир Қызылордадағы теннис орталығында өтті. Атап өту керек, халықаралық стандарттарға сай салынған бұл нысан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен бой көтерген. Бүгінде мұнда түрлі деңгейдегі спорттық сайыстар өткізіледі.

 Жарысқа қатысушылар бес санат бойынша бақ сынасты. Бірінші 2008 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер өзара сынға түссе, екінші 18 жасқа толған қыздар мен әйелдер арасында жеңімпаздар анықталды. Ал, ерлер 18 бен 39 және 40 жастан жоғары болып екі топқа бөлініп, жарыс көрігін қыздырды. Әрине, спортшылардың осалы жоқ. Бәрі де үлкен дайындықпен келген. Дегенмен, шапшаңдық пен ептілікке иек артқандар қарсыласын қапы қалдырып, келесі кезеңге жолдама алды.

МАРИНА КИМ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ

Мен тенниспен мектеп жасынан айналысам. Бұл спортты өте жақсы көрем. Қазір тенниспен шұғылданушылар қатары көбейіп келеді. Оқушылардан бастап ардагерлерге дейін қатысып жатыр мына жарысқа. Өте керемет. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын

Серік Әлжанов жарысқа қатысушылардың ішіндегі ең үлкені. 65 жастағы ардагер спортшы тенниспен он жылдан бері тұрақты түрде айналысады екен. «Теннис денсаулыққа өте пайдалы. Ең біріншіден адамның ойлау қабілетін арттырып, көздің көруін жақсартады,»-дейді.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған ойыншыларға «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының спорттық құрал-жабдықтарға арналған қаржылай сертификаттары табысталды.