#qyzylordatv

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Үдербай Баймахановтың есімі енді ресми түрде қала картасында пайда болды. Облыс орталығында батыр атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті.

 Үдербай Баймаханұлы елдің тыныштығы үшін майдан даласында оқ пен от кешті. Ол Қазақстан даласынан Дунай жағалауына дейінгі жолды жүріп өткенімен, соғыс туралы айтуды ұнатпады.

 ТҰРСЫНБЕК БАЙМАХАНОВ – Ү.БАЙМАХАНОВТЫҢ ҰЛЫ

 Әкеміз 1942 жылы соғысқа аттанған. 1946 жылы соғыстан аман-есен оралды.Әкеміз 1942 жылы Украин майданының 152 артиллерия полкында зеңбірек командирі болған. Әскер шені – кіші сержант. Ресей, Украина жерін, елдімекендерін азат етуге қатысқан. Одан басқа Еуропа мемлекеттері Югословияның астанасы Белградта, Венгрия астанасы Будапештті азат етуге қатысқан. Соғысты Австрияның астанасы Венада аяқтаған. Соғыстағы еңбектері еленіп, Отан соғысы орденімен, екі рет ерлік үшін медалімен, жауынгерлік қызметі үшін Жуков медалімен тағы басқа медальдармен марапатталған.

 Үдербай Баймахановтың әскери шені – кіші сержант. Соғыстағы ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Маршал Жуков», «Белградты азат еткені үшін», «Будапештті азат еткені үшін» және өзге де медальдармен марапатталған. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батыр жұбайы Күләшпен бірге жеті баланы тәрбиеледі.

 СЕМБЕК БАЙМАХАНОВ – Ү.БАЙМАХАНОВТЫҢ ҰЛЫ

Қазіргі жас ұрпақтың бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқаны біздің әкелеріміздің арқасы.Соғыстың зардабын тек әкелер емес, соғыстан кейін өскен ұрпақтар, біздің ағаларымыз, біздер көрдік оны. Жұпыны өмір, жоқшылық. Қазір тоқ заман. Соғысқа қатысып, жерімізді қорғаған әкеміздің поколениесі, замандастары. Біз соны бағалай білуіміз керек.

Көшенің салтанатты ашылуына тек туыстары ғана емес, зиялы қауым өкілдері де келді. Облыстық ардагерлер кеңесі мен қалалық мәслихат басшылары атап өткендей, мұндай тұлғалардың өмір жолы жастар үшін өнеге. Енді әрбір өтіп бара жатқан адам Үдербай Баймахановтың есімімен жазылған тақтайшаға қарап, шешуші сағатта бүкіл халық үшін қалқанға айналған қарапайым жұмысшы туралы еске алатын болады.