#qyzylordatv
Жаңақорған ауданында Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне орай «Ерлікке тағзым – Елдікке тағылым» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бірқатар азамат және ауған соғысының ардагерлері мен сала қызметкерлері марапат төрінен көрініп, патриоттық әндер шырқалды.
Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде жерінің бүтіндігі мен ұрпағының болашағын ойлап, соғысқа аттанған азаматтар қатарын жаңақорғандық жауынгерлер де толықтырған еді. Қарт Қаратау етегінен 5 мыңға жуық адам майданға аттанған. Алайда соның тең жартысына жуығы сұрапыл соғыста опат болды. Бүгінде ауданда көзі тірі соғыс ардагері қалмаса да, олардың өшпес ерлігі ел жадында мәңгі сақтаулы. Мерейлі шарада сөз алған аудан әкімі атаулы күннің маңызына тоқталып, барша сала қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
Бүгінде Отан үшін от кешкен даңқты батырлардың жолын жас буын жалғап келеді. Қазіргі таңда 139 жаңақорғандық жас сарбаз еліміздің Қарулы Күштері қатарында Отан алдындағы борышын өтеуде. Сондай-ақ, Қазақстан әскері құрамында 37 офицер және келісімшарт негізінде 50-ден астам сарбаз абыроймен қызмет етіп келеді. Бұл кейінгі буынның Отанға адал қызмет етуге деген сенімін арттырары сөзсіз. Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан бірқатар азамат пен ауған соғысының ардагерлері облыстың «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Мерекелік кеште Бірлік ауылында нөсерлі жауынның салдарынан Қаратаудан аққан екпінді суды басқа арнаға бұрып, бөгет жасап, тұрғын үйлерді су басу қаупінен аман алып қалған тұрғындар алғыс хатпен марапатталды.
Салтанантты шара соңы аудан өнерпаздарының және әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иелері Наркенже Серікбаеваның қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.