#qyzylordatv

Қан майданда ел үшін отқа түскен батырлар қатары сиреді. Бүгінде, аймақта сол зұлмат кезеңнің жалғыз куәгері қалды. Ол – сырдариялық Яхия Тасыров. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында қарт майдангер Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас сарбаздарға ақ батасын беріп, сәт-сапар тіледі.

Яхия Тасыров Сыр өңіріндегі тірі тарих. Олай дейтініміз, 104 жастағы соғыс ардагері 1941 жылы әскерге алынып, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткен соң майданға аттанған. Қанды шайқастың бірінде аяғынан ауыр жарақат алғанына қарамастан, соғыс жорығын жалғастырған.

 Аудандық «Руханият» орталығында өткен салтанатты іс-шарада облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Жасұлан Шанкулов қарт майдангерге «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі» медалін табыстады. Мұнан кейін, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер мен жастар қос ғасыр куәгерінің тағылымды әңгімесін тыңдап, жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан майдангерге әннен шашу шашты. Сондай-ақ, мерекелік шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат пен тыл ардагерлері «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Жиын соңында Яхия Тасыров Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған жас сарбаздарға ақ батасын берді.