#qyzylordatv

Қазалы ауданында Отан қорғаушылар күніне орай оқушылар арасында әскери-патриоттық шеру ұйымдастырылды. Айбынды мерекеде ел қорғаны болар жас ұландардың саптық дайындығы көпшілік назарына ұсынылды.

Шеруде сап түзеген жас сарбаздар патриоттық рухты сезінді. Жиында Қазалы ауданындағы №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар - жасөспірімдер мектебінің жас таэквондошылары мен №266 мектеп-лицейдің кадет класы оқушылары шеберлігін паш етті.

Әскери-патриоттық шарада Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, аудан халқын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру. Шеруге қатысу арқылы өскелең ұрпақ елге қызмет етудің маңызын ерте түсінеді, дейді мамандар.

Мұнан кейін мектеп оқушылары әскерилендірілген эстафеталық сайыста бақ сынады.

ЕЛ ҚОРҒАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Сондай-ақ бұл күні ауданда Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиында ел қауіпсіздігі жолында еңбек еткен ардагерлерге, өз қызметінде үздік нәтиже көрсеткен сала мамандарына құрмет көрсетілді.

Салтанатты шарада сарбаздардың әскердегі күндерінен музыкалық қойылым сахналанды. Көрермендер қызуқанды, жігерлі жастардың қуанышқа толы күндерін тамашалап, ерекше әсерленді.

Ел тыныштығы – ең үлкен байлық. Ал сол тыныштықты күзетіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету – әр буынның парызы.