#qyzylordatv

Жаңақорғанда жоғары қысымды газ құбырын жүргізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоба толықтай іске асырылғанда Сыр беткейіндегі 5 елді мекенді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, кентте қосымша су тарату станциясы салынуда. Пресс-турдан оралған тілшіміздің бейнематериалында толығырақ.

 Жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу жұмысы сәуір айында басталды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмысы 50 пайызға орындалған. Жоба толықтай іске асырылғанда 5 елді мекеннің халқы көгілдір отынға қол жеткізбек.

 ҚАЙРАТ САПАРБАЕВ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жаңақорған ауданының батыс өңірінде елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда Төменарық елді мекені тұсындағы Шиелі агрестен бері қарай 35 шақырым жоғары қысымды газ желісі салынған. Сол газ желісінің бойында 5 елді мекен орналасқан. Сол елді мекендерге газ жеткізу жоспарымызда бар. Бүгінгі таңда жоғары қысымды газ желісінен әрбір елді мекен тұсына дейін газ қондырғысын орнату аралығындағы газ желілерінің құрылысы жасалып жатыр. Бұл жоба 250 млн теңге болады. 100 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп, жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

 Ал, Жаңақорған кентінде жаңа мөлтек аудандардың көбеюі орталықтандырылған ауыз су жүйесіне түсетін жүктемені айтарлықтай арттырды. Осыған сәйкес, кент аумағынан қосымша су тарату станциясы салынып жатыр. Жоспар бойынша маусым айында іске қосылуы тиіс.

Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан аудандық темір жол вокзалы да маусым айында толықтай пайдалануға берілмек. Жарты ғасырдан астам тарихы бар бар темір жол вокзалын күрделі жөндеу былтыр мамыр айында басталған. Қазір жұмыстың 90 пайыздан астамы аяқталған.

ҒАБИТ АЛМАҒАМБЕТОВ – «ДӘНЕКЕР» ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ЖШС БАС ИНЖЕНЕРІ

Вокзалдың іші, сырты толығымен өзгертілді. Ішінде қазіргі таңда түрлі кабинеттер жасақталды. Күту залы, ана мен бала, мүгедектерге арналған арнайы бөлме сондай-ақ вокзал қызметкерлеріне арналған кабинеттер бар. Қаражаты 1 млрд 23 млн теңгені құрайды. Сырттың асфальт, брусчатка, жарық бағаналарын толығымен ауыстырдық.

 Аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимараты жанынан салынған жапсаржайда ең өзекті мәселе болған МРТ және ангиограф медициналық құрылғылары жұмыс істеп тұр. Қазір аудан халқы Жаңақорғаннан алысқа ұзамай-ақ толықтай медициналық тексеруден өте алады. Бұл аурушаңдықтың алдын алуға үлкен септігін тигізді, дейді сала мамандары.