#qyzylordatv

Облыс орталығында жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешен іске қосылды. «Марал-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған жоба аясында жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсету жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорынның ашылу салтанатына аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев арнайы қатысты.

«Марал-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі теміржол тасымалы саласында 20 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан орнықты кәсіпорын. Бүгінде елімізде 3 бағыт бойынша 60-тан астам жолаушы вагондары жүйіткіп жүріп тұр. Бұзылмайтын бұранда, тозбайтын техника жоқ. Ал, оларды дер кезінде ретке келтіру үшін мекеме мамандары өзге құрылымдардың көмегіне жүгінетін. Енді барлығы осы кешенде жөнделеді.

Жаңа кешенде жылына 600-ден астам вагонға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, аталмыш кәсіпорын өздеріне тиесілі техникаларды қайта құрылымдаумен қатар, өзге де теміржол саласындағы мекемелерге сервистік қызмет көрсетеді. Шарада аймақ басшысы жаңа кешен өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жетілдіре түскенін сүйіншілеп, серіктестік жетекшісі мен шетелдік инвесторларға алғыс білдірді.

Алдағы уақытта серіктестік қытайлық инвесторлармен бірлесіп заманауи вагондар өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл кешен сол ауқымды жобаның бастамасы іспетті. Жөндеу құрылғылары автоматты жүйеде жұмыс істейді. Станоктар Ресейден әкелініпті. Мұнда қосымша 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мекеме басшылығы әсіресе жалынды жастарға мүмкіндік беруді көздейді.

Соңғы жылдары өңірде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта жыл басынан бері 7,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ал, жаңа кешен бұл көрсеткішті еселей түсері анық.