#qyzylordatv
Арал ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 221 жоба қолдау тапты. Нәтижесінде кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Тұрғындардың табысын арттырып, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастама ауылдағы ағайынға қолжетімді ме? Жеңілдетілген несие кімге және қандай кәсіп түріне беріледі? Бұл туралы әріптесім Әкімжан Жолтаев айтып береді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көргендердің бірі - Қазбек Кенжеғараев. Арал қаласының тұрғыны жиһаз жасау шеберханасын ашу мақсатында 2,5 пайызбен 5,5 млн. теңге қаржы алған. Қазіргі қажетті станоктарын орнатып, үй жиһаздарының бірнеше түрін құрастыруда. Аралдық азамат бұл бағдарлама кәсіп ашып, бизнеспен айналысамын деген тұрғындарға үлкен мүмкіндік екенін айтады.
ҚАЗБЕК КЕНЖЕҒАРАЕВ, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Үйді кепілге қойдым, екі жылдан кейін алдымғой. Шаруа істеймін деген адамға біраз көмек бұл. Кәдімгі кредит алғаннан осы кәдімгідей пайда. Кәдімгі кредит алсаң бірге бір қосып бересің, пайда жоқ біз қазір жұмсақ мебельмен айналысып жатырмыз. Клиенттің тапсырысына байланысты қандай көлемде болсын жасай береміз. Шикізат сырттан келеді негізінен. Сапаға мән береміз ең бірінші.
Ал, Айжарық Асанов өткен жылы жеңілдетілген пайызбен 6 млн. теңге несие алып, нан өнімдерін шығаратын цех ашты. Қазір үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Наубайханада күніне 600-700 дана тапа және бөлке нан пісіріледі. Ыстық әрі балғын өнім аудан орталығындағы азық-түлік дүкендеріне таратылады.
Тұрғындар «Ауыл аманаты» бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, асыл тұқымды мал басын арттыру, балық, құс, ара шаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген пайызбен несие ала алады. Ол үшін несие тарихы таза және кепілге қоятын дүниесі болу керек.
Ауданда бағдарламаға қызығушылық танытқандар көп. Былтыр 1 млрд. 151 млн.теңге болатын 137 жоба ұсынылса, оның 86-ы мақұлданып отыр.