#qyzylordatv
Өз бақытын мансаптан емес, халықтың алғысынан іздейтін жандар уақыт өткен сайын биіктей береді. Сыр елінде адал еңбегімен, азаматтық ұстанымымен ел жадында қалған қайраткердің бірі, әрі бірегейі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Алмагүл Божанова есімі Сыр жұртына жақсы таныс. Әйел азаматтардың арасынан шыққан тұңғыш аудан әкімі ретінде ел тарихында қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Экономика тұралап, елдің еңсесі түскен сын сағатта ел тізгінін ұстау – екінің бірінің қолынан келмейтін іс болатын. Алмагүл Божанова сол ауыр кезеңде Тереңөзек ауданын басқарды. Ауылдың жағдайын көтерді. Әлеуметтік саланы жандандырды. Шағын кәсіптің тынысын ашты. Қай істе болмасын көппен келісіп, шешім шығарды. Әсіресе аудандағы ірі шаруашылықтардың іргесі сөгілмеуіне бар күш жігерін салды. Ол басқарған тұста Тереңөзек ауыл шаруашылығында бірнеше мәрте озат атанды. Жиынға қатысқан облыс әкімі Мұрат Ергешбаев елге еңбек сіңірген тұлғаның тағылымды жолына тоқталды.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Тілші: Конференцияда Алмагүл Божанқызының қоғамдық-саяси қызметтегі еңбегі кеңінен айтылды. Облыстық мәслихат депутаты, хатшысы, партия қызметкері ретінде өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Ұлттың ұстыны болатын ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлді. «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, азаматтық қоғамның қалыптасуына үлес қосты.
Адамның шын бағасы артында қалған ізімен өлшенеді. Алмагүл Божанованың еңбегі елдің есінде, сөзі кейінгіге өнеге, ал ғұмыры — тұтас бір дәуірдің шежіресіне айналды. Ол тек басшы болған жоқ. Қалам ұстап, он шақты кітап жазды. «Сыр елім – жерұйығым», «Ердің бағын жандырған ер Балдырған» секілді еңбектері арқылы руханиятқа да олжа салды.
Алмагүл Божанқызы өмірінің соңына дейін еңбектен де, елден де қол үзбеді. «Құрмет», «Парасат» ордендері - мемлекет берген баға болса, ол үшін ең биік марапат - халықтың ықыласы болып қала берді.