#qyzylordatv
Облыс орталығында су,балық шаруашылығы, ветеринария қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов сала мамандарын құттықтап, үздіктерді марапаттады.
Облыс бойынша су шаруашылығы саласында 3 мыңға жуық маман еңбек етуде. Олардың ерен еңбегінің арқасында өңіріміздің су қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы, мал және балық шаруашылығы сынды саладың тұрақты дамуына негіз қаланып отыр. Вегетация кезеңінде егіс алқаптарына судың тұрақты жеткізілуін және гидротехникалық нысандардың сенімді жұмысын қамтамасыз ету де су шаруашылығы мамандарына жүктелген маңызды міндет.
БАҚЫТ ЖАХАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Сыр өңірінің экономикалық, эколоиялық жағдайы, халқының тыныс-тіршілігі Сырдария өзені мен Арал теңізіне тікелей байланысты. Сырдың бойын жағалай орналасқан халқымыз күнделікті тұрмысын Сырмен байланыстырып, ата кәссібін егін, балық, мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді...
Бүгінде аймағымызда каналдарды бетондау, су қоймаларын жаңғырту және су ресурстарын басқаруды цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Елді мекендерді орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту мәселесі де оң шешімін тауып келеді.
ЕРЖАН ӘМИША – «ҚАЗСУШАР» РМК «СЫР СУЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Соңғы жылдары 95 пайыздан 99,8 пайызға елді мекендердің барлығы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бюджеттен қаражаттар бөлініп, Арал ауданындағы Ақбасты елді мекені, Тоқабай, Мергенсай, Ерімбетжаға сияқты, Қазалы ауданында Шитүбек, Шәкен, Шилі, Сарыбұлақ ауылдары ауыз сумен қамтамасыз етілді. Кейбір шағын елді мекендер бар 4-5 үй ғана тұратын. Ондай елді мекендерге модульді ауыз сумен жабдықтау жүйелері қондырғылары жасалып жатыр.
Аймақтың асыраушы саласының тағы бірі – балық шаруашылығы. Өткен жылы облыста 7 мың 400 тонна балық ауланса, оның 4 мың тоннадан астамы алыс-жақын шет елдерге экспортталған. Қазір өңірде 10 балық өңдеу зауыты мен 14 балықты қатыру, сақтау цехтары жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 4 зауыт еуропалық сапа стандартына сәйкестігін растайтын «Еурокод» белгісін алған. Салтанатты шарада ата кәсіпті түлеткен сала ардагерлері мен мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен және аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталды.