#qyzylordatv
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Арнамыздың тілшісі Дәулет Сағит осы жобаның игілігін көріп отырған ауыл кәсіпкерлерімен тілдесті. Мемлекеттік бағдарлама қала іргесіндегі Қосшыңырау ауылдық округі тұрғындарын жаңа бастамаларға талпындыра алды ма? Ауылдың тыныс-тіршілігі қалай? Тілшіміз айтсын.
Қосшыңырау ауылдық округіне Абай және Досан ауылы кіреді. Бүгінде мұнда үш жарым мыңнан астам халық қоныстанған. Тұрғындардың негізгі тіршілік көзі – егін мен мал шаруашылығы. Биыл абайлықтар 1550 гектар жерге күріш, 130 гектарға жүгері, 399 гектар жаңа жоңышқа және 31 гектарға бидай еккен. Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ, бұл ауылда «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырғандар көп.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ
Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғыны Ербол Құлдалша осыдан тура үш жыл бұрын «Ауыл аманаты» жобасы аясында 8 млн 600 мың теңге несие алып, сонау Америкадан өңір климатына төзімді мың жарым тауықты осында әкеліп бағуда. Дәл қазір мына мен тұрған шағын қоражайда бұл тауықтарға барлық жағдай жасалған. Тіпті, олардың ас мәзірі де ерекше. Жемнен бөлек, көкөністердің түр-түрін жейді. Кәсіпкер алдағы уақытта құс басын 5 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Құс фабрикасындағы бройлер тауықтар – етті әрі ірі.Біреуі үш келінің шамасында ет береді екен.
ЕРБОЛ ҚҰЛДАЛША – КӘСІПКЕР
2023 жылы осы жобаны қорғап, "Ауыл аманаты" бағдарламасымен несие алдық. Үш жарым мың басқа дейін жеткіздік. Қазір мұнда бройлер етті бағытта тауықтар бағылуда. Оның ішінде климатқа жарамды «КО-500» және «РОС-308» түрлерін бағып жатырмыз. Біз 30 соттық жерге орналасқанбыз. Оның ішінде екі тауық цехы бар. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бұл жерде үлкен құс фабрикаларына қойылатын жабдықтардың кішірейтілген моделі. Барлығы автоматтандырылған. Жылу, салқындатқыш, желдету жүйелері, тамақтандыру. Жыл он екі ай бағып отыра аламыз.
Табиғи таза, қолдан бағылған өнім болған соң тауық етіне сұраныс жоғары, дейді кәсіпкер.
ЕРБОЛ ҚҰЛДАЛША – КӘСІПКЕР
Әрине, ең басында бұл кәсіпті бастау оңай болған жоқ. Оның ішінде құс бағыты қиын екен. Қызылордада бройлер тұқымы қатты дамымағандықтан оның үстіне алғашқы болып біз әкелгендіктен жан-жақтан бағыт-бағдар сұрап, қазір шүкір бағып келе жатырмыз. Күніге өзіміздің қойған стандартымыз бар 200 тауық соямыз. Және осы қала бойынша таратамыз.
СЕЙДУАЛИ ӘБДІҚАДЫРОВ – ҚОСШЫҢЫРАУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекетті бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері несие портфелі 163,8 млн теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданды. Оның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы субсидия бойынша 1 жоба 90 млн тг қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 73,8 млн тг құрайтын 8 жоба мақұлданды. Оның ішінде асыл тұқымды жылқы, сиыр, еділбай қой, гиссар қой, теплица және тігін цехы.