#qyzylordatv
Ауылдың тыныс-тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысты. Бүгінде атакәсіпті әйел кәсіпкерлер де табысты атқарып келеді. Бұған Талсуат ауылында үйір-үйір жылқы айдап, табын сиыр мен жүзден астам қойды шашау шығармай өсіріп отырған Жанат Тоқмейілованың кәсібі дәлел.
Бүгінгі кейіпкерімізді көпшілік «жылқышы Жанат» деп таниды. Жадырап жүретін жайсаң болмысымен қатар тәуекелшіл, батыл мінезді келіншек бүгінде тек жылқы бағумен айналыспайды. Табын сиыр мен отар-отар қой өсіруде. Он бес жылдай уақыт бұрын күрделі кәсіп бастап, қиындықты еңсерген ол қазір төрт түліктің бабын тапқан маман.
ЖАНАТ ТОҚМЕЙІЛОВА – ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ Алғашында балам атқа қызығып жүрді. 6 сынып оқып жүргенде тай әпердім...
Мал шаруашылығы – маусымға қарамайтын кәсіп. Мұнда демалыс та, мереке де жоқ. Дегенмен нәзік жан екеніне қарамастан Жанат Әбдіқадырқызы қауырт тірліктен қол үзбеді. Бүгінгідей нәтижеге жеткенше бір тынбады.
Жанат Әбдіқадырқызымен сұхбатта мыңдаған малды шашау шығармай өсірген бабалардың ата кәсібін еске түсірдік. Иә, төрт түліктің басы құралуы үшін ертелі-кеш тынбайтын еңбекқорлық пен қайсарлық керек. Ал бұл қасиет кейіпкерімізге жылқышы нағашысынан дарыса керек. Ұлытау облысында дүниеге келген ол 1980 жылы отбасымен бірге Талсуат ауылына қоныс аударады. Бірақ балалық шағында «мал бағып, үйір-үйір жылқы айдаймын» деген ой мүлде келмепті. Орта мектепті бітіргесін жоғары оқу орнында есепші-экономист мамандығын иеленеді. Кейінірек облыс орталығында, одан елордада құрылыс саласы бойынша еңбек етті.
ЖАНАТ ТОҚМЕЙІЛОВА – ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ Ауылда тұрғасын үйде сиыр болды. Бірінші жылқымен айналысып, мамамнан қалған сиырлар осылай көбейді. Қазақы сиырмен қатар ақбас сиыр бар. Қазір 20-дан астам сиыр сауамыз. Оның сүтін, қатығын сатамыз. Жем-шөбін сатып аламыз. 100 бас сиырдың бәрі қорада тұрмайды...
Жанат Әбдіқадырқызы бұл кәсіпті 35 жасында қолға алған. Алғашында қазіргідей бәрі реттеліп, бірден бола қойған жоқ. Небір кезеңдерден өтіп, тәжірибесі толыға түсті. Бүгінде ұлы малдың жайын ойлап, шаруаны реттеп жүрсе, келіні сүт өнімдерін нарыққа шығарады.
Нәзік жан болса да, сындарлы сәтте шыңдалған бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы көптеген жасқа үлгі. Оның қажырлы еңбегі – ауыл шаруашылығының дамуына қосылған үлес әрі әйелдердің кез келген салада жетістікке жете алатынының дәлелі.