Негізгі Жаңалықтар Трансплантациядан неге қорқамыз?

Трансплантациядан неге қорқамыз?

#qyzylordatv 

Байқайсыз ба? Бізде бүйрегі ауыратын адам аз емес. Емделмей, бейқам жүре берсе, диализге тәуелді болу қаупі жоғары. Яғни, әрі қарай дереу бүйрек ауыстыру қолға алыну керек, әйтпесе ағза әлсізденеді, одан әрісін айтудың өзі қорқынышты. Елімізде 125 бала бүйрек донорын күтіп жүр. 4 мыңның үстінде ересектер және бар. Ал, донорды қайдан табамыз? Ең өзекті сұрақ та осы. Бүгін осы трансплантология тақырыбы сала өкілдерімен талқыланды.


 Дәл осыншама адам елімізде қазір өлім мен өмірдің ортасында. Оларға ағза ауыстыру қажет. Ал, донорды қайдан алады? Соңғы кезде бауырлары, әкесі мен шешесінің бүйрек, бауыр ауыстыруда донор болу дерегін естіп, көріп жүрміз. Алайда мәйіт донорлығына келгенде біздің қоғамда әлі де қарсылық басым. Мәйіт доноры дегеніміз, ол кез келген жерде жан тапсырған адамның ағзаларын кесіп алу емес, бұл жерде тек аурухана төсегінде ми өлімі тіркелген науқастың ғана ағзалары жарамды болмақ. Онда да туыстары келісімін берсе, дәрігерлер консилиумы ол ағзаларды жарамды деп тапқан жағдайда ғана жүзеге асатын процесс. Айта кетейік, адам ағзасындағы бүйрек, жүрек, өкпе, ұйқы безі, бауыры және көздің қасаң қабығын мұқтаж адамға ауыстырып салуға болады.


   Мидың өлімінен соң, яғни өлген адамның өзгеге өмір сыйлап кетуі – сауапты іс. Алайда қайтыс болған кісінің туған-туысы марқұмның денесіне пышақ тигізбеуге тырысады. Дегенмен, мұндай жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін ұғынуымыз керек, – дейді дәрігерлер. Ал, исламда бір адамды құтқару – бүкіл адамзатты құтқарумен тең деген түсінік және бар. 


 Бүгінгі таңда Қызылорда облысында донордың бүйрегімен 108 жерлесіміз өмір сүріп жатыр. Оның 105-іне туыстары донор болса, тек 3-інікі мәйіттен алынған. Күту парағында әлі қаншама қызылордалық тұр.


 Сондықтан донорлыққа келісім беру бойынша насихат жұмыстары көп көмегін тигізеді деп ойлаймыз. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты да осы дейді құзырлы орталық төкілдері. Адамның күні адаммен деген қағидат трансплантацияға да қатысы барын ұмытпайық дейді ақ халаттылар. 

Бөлісу