#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның құрметті құрылысшысы Әбдімәжит Жансақаловты 70 жас мерейтойымен құттықтады. Жиында сала ардагерінің өңір дамуы үшін қосқан еселі еңбегі айтылып, облыстың құрмет грамотасы және премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталды.
Әбдімәжит Әлмағамбетұлы Қызылорда политехникумында, Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Сырдария ауданында инженер, учаске шебері болып бастап, кейін аудандық ауыл шаруашылығы мекемесінде құрылыс саласын қадағалау тобының басшысы болды. Мұнан соң СПМК-1 мекемесінің бас инженері және басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс ұйымдары қысқарған өтпелі кезеңде «Дәнекер» акционерлік қоғамын құрып, еңбек ұжымын сақтап қалды.
Бүгінде «Дәнекер» компаниясы Әбдімәжит Әлмағамбетұлының жетекшілігімен өңірдегі маңызды әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуде. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтерген мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары, емханалар, көпсалалы балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы, сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлер мен ауылдық жердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер ел игілігіне қызмет етуде. Жиында мерейтой иесінің осы нысандар құрылысын жүргізу кезіндегі жанашырлығы айтылып, облыстың құрмет грамотасы мен премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталды.
Әбдімәжит Әлмағамбетұлы құрылыс саласындағы қым-қуыт шаруамен қатар, қоғамдық мәселелерге де үн қосып жүрген азамат. Бірнеше мәрте қалалық және облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Ал енді мерейлі 70 жасқа келсе де, елдік мүдде жолында еңбек ете берерін жеткізді.
Жиында облыс әкімі саладағы серпінді бастамаларды тілге тиек етті. Құрылыс қарқыны бойынша біздің аймақ биыл үздік үш өңірдің қатарына енген. Бұл бағыттағы жобалар келер жылы да жалғасын таппақ.