#qyzylordatv 

 Екі күнге созылған қазақ күресінен облыстық «Алтын белбеу» жарысы өз мәресіне жетті. Дәстүрлі доданың түйе палуандар бәсекесінде Еламан Ерғалиев топ жарып, «Қазақстан Барысы» турниріне жолдама алды. 


«Алтын белбеу» сайысы осымен 17-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл турнир жергілікті балуандар шеберлік шыңдап, үлкен спортқа қадам басатын бірден-бір тәжірибе алаңына айналды. Биылғы бәсекеде кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар және ересектер түрлі салмақта бақ сынады. Боз кілемде барлығы 300-ге жуық спортшы белдесіп, екі күн бойы Сыр ордасын дүбірге бөледі.

   Ал, алыптар айқасы түйе палуандар сайысында жүзден жүйрік атанған 13 мықты белдесті. Нәтижесінде, Еңбек Сақтағанов үшінші орынды қанағат тұтып, «Сыр сұңқары» атағына ие болды. «Сыр арланы» титулын иеленген Нұрым Сәлімгерей екінші орынды еншіледі. Ал, бас жүлдені жеңіп алған Еламан Ерғалиев “Сыр барысы” атанып, “Қазақстан барысы” турниріне қатысуға мүмкіндік алды. Жарыс жеңімпаздарына қаржылай сыйақылар табысталды.