Негізгі Жаңалықтар «Қызылорда – Сексеуіл» жолының құрылысы басталды

«Қызылорда – Сексеуіл» жолының құрылысы басталды

#qyzylordatv 

Бүгін елімізде «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға телекөпір арқылы қатысып, Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды стратегиялық жобаларға сәттілік тіледі. 

 

 «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу– Сексеуіл» автокөлік жолының жалпы ұзақтығы 1500 шақырымды құрайды. Соның ішінде Қызылорда қаласынан Сексеуіл кентіне дейінгі жолдың қашықтығы 462 шақырым. 


 ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ 

Қызылорда-Сексеуіл» бағытындағы жол еліміз үшін өте маңызды жобалардың бірі. Себебі екі өңірді байланыстыратын жол бұған дейін екі жолақты болса, енді төрт жолақты болып өзгертіледі. Яғни бірінші санатқа ауыстырылады


СЕРІК МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 

Осы жобада 10 мыңнан астам адам, 5 мыңнан астам техника жұмыс жасайды. Қызылорда Сексеуіл жолында 12 көпір болады. Қызылорда өңіріне өте көп пайдасы тиеді, оң нәтиже көрсетеді. Қызылорда – Жезқазған жолының 24 шақырымынан басталып, Қорқыт ата кесенесінің жанынан қосылады үлкен жолға және бірінші техникалық санаттағы жол болады. 


Төрт жолақты күре жол аймақ тұрғындарының көптен күткен арманы болатын. Себебі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында көлік ағыны көп, жол жүру қиындық тудырып отыр. Бұл мәселе енді оң шешімін таппақ. Екінші жағынан жүк тасымалы артып, ел экономикасының өркендеуіне, туризмді дамытуға тың серпін береді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев телекөпір арқылы Президентке өңір тұрғындарының атынан ризашылығын жеткізді.


 СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ 

Тек қана Қызылорда халқы емес, оңтүстік пен батыстағы ағайындардың арманы бүгін іске асып жатыр. халықтың тілегін орындап, тарихи шешім қабылдаған мемлекет басшысына халықтың атынан ризалығымызды білдіреміз. Бұл жобаның аясында қаншама жұмыс орындары ашылады...


 Телекөпір барысында Мемлекет басшысы: «Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет» дей келе, еліміз үшін маңызды жол құрылысын 2029 жылға дейін аяқтауды тапсырды. 

Бөлісу