Негізгі Жаңалықтар Жүгеріні кептіру және сақтау кешені іске қосылды

Жүгеріні кептіру және сақтау кешені іске қосылды

#qyzylordatv 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу кезек күттірмес мәселе екенін айта отырып, Сыр өңірі шаруаларының тындырымды тірлігін тілге тиек етті. Яғни, қызылордалық диқандар қатаң климаттық кедергілерге қарамастан жүгері мен соя өсіруді қолға алды. Нәтижесінде, бүгін Сырдария ауданында аталмыш өнімді кептіріп, оны сақтауға арналған зауыт іске қосылды. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.


 Жүгері дақылын терең өңдеуге арналған крахмал-сірне зауытының іргетасы өткен жылы қаланды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 40 миллиард теңге. Ол үшін жергілікті әкімдік тарапынан 35 гектар жер телімі берілген. Зауыт құрылысы екі кезеңді қамтиды. Яғни, алғашқы кезеңде жүгері дақылын кептіру мен сақтау кешені іске қосылып отыр. Мұнда кемі 20 мың тонна шикізат сақталмақ. Бұл жергілікті шаруалар үшін қуанышты сәт. Ала жаздай атыз аралап, бейнет кешкен диқандар өнімдерін осында сатады.


 Биыл өңірде 11 мың гектарға жүгері егілді. Әзірге жиналған өнім 60 мың тоннаға жуық. Ал зауыт толыққанды іске қосылған кезде жылына 150 мың тонна шикізат өңделіп, одан крахмал, сірне секілді жиырмаға жуық өнім түрін өндіру жоспарланып отыр.


 Аймақта жүгері көлемін ұлғайту мақсатында арнайы Жол картасы бекітіліп, келер жылы 28 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осылайша, кешенді шаралардың арқасында жүгері көлемін арттыру үшін нақты алғышарттар қалыптаспақ. Ендігі міндет – өнімді тиімді өткізуге, терең өңдеуге жол ашатын инфрақұрылымды дамыту.


 Соңғы үш жылда өңірде суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру мақсатында күріш көлемі 19 мың гектарға қысқарды. Енді қалыптасқан егіншілік жүйесін заман талабына сай бейімдеуді жалғастыру қажет. Бұл жұмыстарды нәтижелі іске асыру үшін 2026-2028 жылдарға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Бөлісу