Сыр сахнасында ретро әндер шырқалды
#qyzylordatv
Өнер орталығында «Сыр самалы» вокальды аспапты ансамблінің «Retro Best Music» атты концерті өтті. Мәдени шарада Сыр өнерпаздары сексенінші жылдардан бері шырқалған танымал әндерді жанды дауыста орындады.
Ерекше кеш атақты америкалық әнші Стиви Уандердің поп-фанк стиліндегі әйгілі «Part time lover» әнімен ашылды. Мұнан кейін Шәмші Қалдаяқовтың лирикаға толы, жанға жайлы музыкасынан бастап әлемдік эстраданың алтын қорына енген әндер шырқалды.
ӘЗИЗА ІЗДІҚҰЛОВА – ФИЛАРМОНИЯ РЕЖИССЕРІ
Бұл концертте ретро тақырыпты алып отырмыз. Қазіргі кезде ретро әндерді жандандырып, жаңаша бағытта өңдеп орындау үлкен бір трендке айналып жатыр ғой. Сондықтан да біз де осындай кәсіби өнер орталығы болғаннан кейін заман ағымынан қалмай, көрерменнің сүйіп тыңдайтын әндерін ұсыну мақсатында осы концертті ұйымдастырып отырмыз.
Жанды дауыста ән шырқаған өнерпаздарға деген қошемет те ерекше. Әлемдік классикалық туындыларды шебер орындайтын Гауһар Бисекенова бұл жолы аңызға айналған «I Will Survive» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.
Кеште гитара, труба, саксафон аспаптарының дыбысы филармония солистерінің қуатты даусымен үйлесіп тапты. Осылайша баяу да, ырғақты, лирикалық әндермен қатар, қарқынға толы музыка көрерменге қуаныш сыйлады.
«Retro Best Music» концерті музыкада шекара жоқ екенін, өнердің жас талғамайтынын, ал «ретро» ұғымы адамдарға ортақ қуаныш сыйлай алатын естелік сыйлайтынын тағы бір мәрте аңғартты. Концерт соңында «Қызылорда – жастар әнін» көрермен өнер иелерімен бірге шырқады.