Білікті жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданады
#qyzylordatv
Жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Елімізде GPA көрсеткіші 3-те 33-тен жоғары жастар мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдануда. Осы мүмкіндікті пайдаланған білікті жастар біздің аймақта да баршылық. Байырқалы бастама барысын әріптесім Елжас Әбділда тарқатсын.
Ақбота Раушанбек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Білімқұмар жас оқуын аяқтай сала мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасты. Яғни, 4 жыл бойы төккен тер текке кетпеген. GPA көрсеткіші бойынша қатарластарынан озық болды. Бүгінде ол Сырдария аудандық мәслихат аппаратында бас маман қызметін абыроймен атқарып жүр.
АҚБОТА РАУШАНБЕК – СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ АППАРАТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ Конкурссыз негізде мемлекеттік қызметке тағайындалдым. Біз секілді жастарға бұл өте таптырмас мүмкіндік. Яғни, мемлекет тарапынан бізге қолдау. Мен осы мүмкіндікті қолдануға кеңес беремін. Мен бұл мүмкіндік туралы университет оқытушыларынан және ҚР мемлекеттік қызмет агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері «Абырой» мектебіне келіп дәріс берген кезде білдім
Шыны керек қазір жастардың көбі диплом алсам болды, деген пайыммен оқу үлгеріміне аса мән бермейді. Дегенмен, студенттік шақтағы әр әрекет елеусіз емес. Жақсы оқысаң, болашағың да жарқын. Бұрын мұндай мүмкіндік тек мемлекеттік грант иегерлері мен университетті үздік тәмамдаған түлектерге ғана берілетін. Ал, биылдан бастап GPA көрсеткіші 3-те 33-тен жоғары кез-келген бітіруші түлекті мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау тетігі енгізілді. Ол үшін талапкер арнайы ашылған порталға тіркеліп, өтінім беруі тиіс.
МЕЙРАМКҮЛ БИБІТОВА – ОБЛЫС БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ Қазан айында е-Gov ақпараттық жүйесінде «Tulek» порталы ашылды. Қазір ЖОО ақылы, ақысыз негізде GPA көрсеткіші 3.33-тен төмен емес түлектер өздері тікелей осы портал арқылы мемлекеттік органда ваканция болған жағдайда өздерінің өтініштерін бере алады. Осы өзгеріс енгізілгеннен бері өңірде 46 жас жұмысқа орналасты, ал жыл басынан бастап 16 үміткер жұмысқа орналасты...
Жаңа талап шілде айынан бастап күшіне енді. Айта кетерлігі, өңірде құрылыс және су шаруашылығы саласында мамандар тапшы. Демек, осы мамандықтарда білім алған жастар дипломын тар тартпаға салып қоймай, мүмкіндікті тиімді пайдаланғаны жөн.