Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық домбыра күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтті. Тағылымы терең, мән маңызы зор шараның бірін облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Мақсат – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытып, тарихтың куәгеріне айналған қасиетті қара домбыраны қастерлеуге тәрбиелеу. Жас өрендерді дәстүріміздің ажырамас бөлігі – музыка өнеріне баулу.
Ақзира Қасымова – облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары
Әміре Қашаубаев ең алғаш қазақтың қасиетті домбырасын қолына алып, Париж төрінде ән салғаны әмбеге аян. Сондықтан, ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық. Сыр төріндегі мазмұнды кеште Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің домбырашылар ансамблі, республикалық, облыстық конкурстардың лауреаттары қазақ күйшілерінің шығармаларынан терме, күй орындады. Шараға сондай-ақ қазақтың текті өнерін қос ішекті домбырамен насихаттап жүрген айтыскер ақын, алғашқы алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов, композитор Рамазан Тайманов, Кеулімжай Ботабаев сынды өнер майталмандары қатысты. Айтулы күннің құрметіне облыстық білім басқармасының атынан жас өнерпаздарға домбыра сыйға берілді.
Мұхтар Ниязов – айтыскер ақын
Әрине, жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматтың өмірінде қара домбыра маңызға ие екені белгілі. Себебі, Елбасы өз сөзінде «Домбыра – қазақ елінің төлқұжаты мен бренді» деп атап өтті. Ендеше, өрелі өнер иелері, өнер сүйер ел барда шанағынан күміс күй мен жыр төгілетін қасиетті аспаптың ғұмыры ұзақ болары ақиқат!
Г.Пірмағанбетова