Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне - 10 жыл. Осыған орай облыстың бас театрында салтанатты жиын болды. Мерекелік шараның жоғары деңгейде өтуіне оқушылармен қатар олардың ата-аналары және ұстаздар қауымы жұмыла ат салысты.

Зияткерлік мектептің 10 жылдығына арналған іс-шарада оқушылардың зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалары көрмеге қойылды. Мектеп оқушысы Жұлдызай Мұңайтбасова үй жағдайында жүрек жұмысының ауытқуын және ауруларын анықтауға мүмкіндік беретін электрокардиограф аппаратын ойлап тапқан. Ол осы құрылғы арқылы емханалардағы кезектілікті жоюға мүмкіндік бар екендігін айтады.

САБЫРЖАН СӘДУАҚАСОВ – «НЗМ» ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

//Осы 10 жыл ішінде балаларымыздың тек елде емес, шетелдік деңгейде робототехника саласында жеңімпаз болуын айта аламыз. Оқушылардың арасында бір-бірінен үйреніп, соған қызығушылық ояту, екіншіден ата-аналар тарапынан «иә, менің балам бұл жерде таңертеңнен кешке дейін бос жүрген жоқ. Шын мәнінде ол сапалы білім алып, дағдыларын дамытып жатыр» деген сенімділік туады. Осының арқасында Зияткерлік мектептің нәтижесін көруге болады.//

Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» білім саласындағы жеткен жетістіктерін атап өтіп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Осы күні бірқатар ұстаз Құрмет грамотасы және алғыс хаттармен марапатталды

Бірлігі жарасқан білім ордасының жетістігі аз емес. Химия-биология бағытында тереңдетіп білім беретін заманауи үлгідегі мектептің шәкірттері түрлі халықаралық конкурстарда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Бүгінде мектепте 45 қосымша білім беру үйірмелері жұмыс істейді. Соның нәтижесінде мектеп 63 авторлық құқық, 9 инновациялық патент алып отыр. Сонымен қатар, ағылшын, француз, неміс, корей, қытай тілдерінен қосымша сабақтар өткізіліп, оқушылар шетелдің үздік мектептерімен тәжірибе алмасуда. 10 жыл ішінде оқу ордасынан 900-ден астам оқушы түлеп ұшқан. Қазіргі таңда АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Венгрия, Малайзия және Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алып жатқан шәкірттері бар. Ең бастысы, Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Шаңырақ» жобасы негізінде оқушылар қауымдастығы ұйымдастырылған. Қауымдастық жоғары және төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыруды көздейді. Сахнада оқушылардың бір үйдің баласындай жоғары дәрежеде өнер көрсетуі мектепте беріліп жатқан білім мен тәрбиенің арқасы.