Қойнауы қасиетке толы, белгілі тұлғалар мекені Тәйімбет Көмекбаев атындағы ауылдың құрылғанына 60 жыл толды. Мерейтой құрметіне елді мекенде дүбірлі той ұйымдастырылды. Екі күнге созылған іс-шарадан тілші бейнематериалы.

 Кеңес Одағының батыры, даңқты жерлесіміз Тәйімбет Көмекбаевтың есімі берілген бұл ауылдан талай тарлан түлеп ұшты. Ауызбірлік пен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өнегелі ауыл 1964 жылы «Жаңақала» қаракөл қой кеңшары боп құрылған. Шалғайда орналасқан жаңа шаруашылық алғашқы жылдардан-ақ еңбек өнімділігін арттырып аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатардан көріне білді. Кейін бұл ауылға батыр есімі берілді.

 СЕРІК ЖАҚСЫҒҰЛОВ – ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ // Осы елден өсіп-өніп шықтық. Машарап Әлиев, Олжабай Жүргенов сияқты үлкен-үлкен ақын, жыраулар осы елде болған. 60 жылға толған елдің тойын тойлап жатыр ауызбірлікпенен. Осы елдің іргетасы қаланып, қалыптауына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан Қасым Жүсіптің де 100 жылдығын ұрпақтары келіп атап өтіп жатыр. Бүгінгі таңда қызылдың қиясындағы қос ауыл дейді, Т. Көмекбаев атындағы ауылдың өнерлі, өнегелі ұрпағы жалғасуда.

МОЛДАБЕК КӨБЕЕВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ // Би-болыстар мекендеген қасиетті мекен Қызылқұм. Тәрбие, тәртібі, құрылысы жақсы болды. Сондай атаққа ілінген совхоз болды жақсы. Ата қонысымызға көшіп келдік те осында үйлендік, үй болдық, мал өсірдік, бала өсірдік жақсы жағдайда болдық. Содан бері жақсы жағдайда келе жатырмыз. Әлі де үмітіміз көп.

 Ауылдың мерейтойына еліміздің әр қиырынан меймандар келді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлерде ас берілді. Жыр жампоздары сахнада жырдан шашу шашса, спортшылар төңіректі тартыстқа толтырды.

 Білектілер гір спорты, арқан тартыс, қой көтеруден сайысқа түсті. Ал, боз кілемде қазақ күресінен балуандар белдесті.

 Іс-шара барысында ауылдың дамуы мен гүлденуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматқа «Тәйімбет Көмекбаев ауылына 60 жыл» мерекелік медалі табысталды.Сонымен қатар ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруына үлес қосып жүрген қызметкерлерге аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

 Ретро әндер байқауы мерекелік іс-шара көрігін қыздырды. Көпшілік сағындырған әндерді тыңдап, құлақ құрышын қандырды.

 Бірлігі бекем ауылдың тірлігі де мығым. Мал шаруашылығы мен егінді кәсіп еткен елді мекенді әрі қарай өркендетуге күш саламыз дейді жақында сайланған әкім.

 ҒАРЫШБЕК НЫСАНБАЕВ – АУЫЛ ӘКІМІ // Қыркүйек айында осы ауылға әкім болып сайланып келдім. Келгелі бірсыпыра жұмыстар атқарылып келе жатыр. Алда жоспарымыз да көп. Демеушілердің тарапынан да біраз жұмыстар жасалып жатыр. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ойын алаңдары салынған, түрлі үйірмелер ашылып жатыр мектеп жанынан. Ауылдың тыныс-тіршілігі, хал ахуалы жақсы. Болашақта ауылдың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне жұмыс жасаймыз.

Мереке мезіретіндегі іс-шара атшабарда аяқталды. 40-қа тарта қылқұйрық тай бәйге, құнан, аламан бәйгеде шауып, иелерін бірінен соң бірін сыйға кенелтіп жатты. Жүйріктер мен жорға жарыс дүйім жұрттың делебесін қоздырды.