#qyzylordatv

«Қазақстан» телерадио корпорациясын 6 жарым жылдай басқарып келген Ләззат Танысбай өз шешімімен Корпорацияның Басқарма төрайымы ретіндегі қызметін аяқтады. Медиаменеджер жетістіктерге жұмыла жету жолында кәсібилік көрсетіп, ісіне адалдық танытқан әріптестеріне алғысын айтты. «Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін», - деді Ләззат Танысбай Корпорацияның жетекшілерімен кездесуінде. Ал Басқарма басшылығына ұлттық арнада тілшілік тіршілігімен көзге түсіп, кейін Қазақ радиоларына басшылық қызметке дейін өскен журналист Ернұр Бурахан тағайындалды. Мемлекеттік қызметте де тәжірибесі бар кәсіби маман соңғы бір жылда Шығыс Қазақстан облысының Ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен еді.