#qyzylordatv
«Мерейлі отбасы-2025» байқауына биыл Қармақшы ауданынан 18 отбасы қатысқан болатын. Солардың арасынан Қайруллаевтар үздік атанып, облыстық кезеңге жолдама алды. Адал еңбегімен өсіп өнген өнегелі әулет туралы келесі бейнематериалда.
Қайруллаевтар Көмекбаев ауылында тұрады. Қызылдың қиясындағы бұл отбасы елге сыйлы, құрметке ие. Азаматы аттан, қазаны оттан түспеген. Әулеттің үлкені Әділбек Қайруллаев жастайынан қой бағып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айрықша үлес қосқан еңбек адамы. Отардағы түлікті ит-құсқа жем қылмай, мал басын арттырған малшы 100 саулықтан 160-қа жуық қозы өргізіп, әрбір қойдан 3 келіден жүн алды. Рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Қайруллаевтың бұл еңбегі еленіп, 1966 жылы 28 жасында Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
САРТАЙ ҚАЙРУЛЛАЕВ, Ә.ҚАЙРУЛЛАЕВТЫҢ ІНІСІ \1964 жылы Жаңақала деген совхоз құрылатын болды. Соған ең алғашқы болып тың игруге шыққандардың бірі еді. ... \
Ал, отбасының ұйытқысы Айша Қайруллаева 11 баланы өмірге әкелген Батыр ана. Алтын құрсақты ана құдай қосқан қосағының қасында жүріп, мал да бақты, бала да тапты. Жаз жайлауда, қыс қыстауда қоныстап, еріне көмектесті.
АЙША ҚАЙРУЛЛАЕВА, БАТЫР АНА \арқалап әкеліп, отын жағамыз тууууу қызылдың қиясынан...\
«Әке көрген оқ жонар...» деген. Әкесінің таяғын бүгінде қарашаңырақтағы ұлы алып, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Ата кәсіптен қол үзбеген Ақтай Қайруллаев өзінің ұлдары мен немерелеріне де мал бағудың қыр-сырын үйретіп, еңбекке баулып келеді.
АҚТАЙ ҚАЙРУЛЛАЕВ, Ә.ҚАЙРУЛЛАЕВТЫҢ ҰЛЫ \бесінші класымнан бстап атқа шаптым. Мен шапқан аттың бәрі алдаңғы орында келді. 17 қара алдық. Немерелерімді ат жаратумен айналыстырып келе жатырмын. Шаруашылықтың бәріне біледі қазір. Әкемізден не көрсек соны үйретіп келе жатырмыз балдарымызға.. \
Әмина Жұматаеваның бұл әулеттке келін болып түскеніне қырық жылға жуықтапты. Бүгінде қарашаңырақтың түтінін түтетіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отыр. Әминаның дастарханынан ағарған үзілген емес. Түйе сауып, бие байлап, қымыз, шұбат дайындайды. Табиғи өнімнің денсаулыққа пайдасы мол. Әсіресе, шұбат қырық түрлі дертке шипа,- дейді ол.
Міне, Қайруллаевтар отбасы осылайша ұлағатты ұрпақ өсіріп, өнегелі ісімен, адал еңбегімен көпке үлгі болып отыр.