#qyzylordatv
Қызылордалық полицейлер мен Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы Сырдария ауданындағы Бесарық ауылы маңынан ірі есірткі алқабын анықтады.
«Қарасора- 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде облыстың екі тұрғыны ұсталып, 58 келіге жуық есірткі тәркіленді. Бұдан бөлек оқиға орнында салмағы бір жарым келіден астам кептірілген марихауана анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Жалпы «қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы басталғалы облыс көлемінде 172 құқық бұзушылық тіркеліп, бас–аяғы 959 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 5 фитозертхана анықталды. Есірткі өсірумен айналысқан 36 адам ұсталды.
Есірткіге қарсы күрес – ішкі істер органдарының басты бағыттарының бірі. Осы орайда облыстық полиция департаменті қоғамда "Заң және Тәртіп" қағидатын нығайту, азаматтардың құқықтық санасын арттыру және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша жұмысын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен 1 маусым мен 31 қазан аралығында бүкіл республика бойынша “Қарасора – 2025” іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараның басты мақсаты – есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз өсімдіктерді өсіру мен таратуға тосқауыл қою.