#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #музыка #дирижер

Руханият әлемінен ақпар. Дәуірлер көшімен бүгінге жеткен ұлттық музыканы дәріптеудің тағылымы зор. Осынау маңызды міндетті Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің ұжымы абыроймен еңсеріп келеді. Олар тұрақты түрде концерттер ұйымдастырып, Сыр жұртшылығына рухани әсер сыйлап келеді. Кезекті өнер кеші дарынды дирижер Руслан Балмасовтың шығармашылығына арналып, таңдамалы туындылар орындалды.

 Мықты музыкант болу үшін адамға тек табиғи талант жеткіліксіз. Оны көтеріп жүретін өре, үнемі ізденістен талмайтын қажыр-қайрат керек. Руслан Балмасов осы үдеден көрінуге талпынған талант. Мәртебелі маэстро Кеулімжай Ботабаевтың жетекшілігімен түрлі байқауларда топ жарды. Сөйте жүріп айналасын доспен қоршаған. Сондықтан Сыр төріндегі шығармашылық кешіне мизам музыканың маңайында жүрген әріптестері арнайы келді.

 КЕУЛІМЖАЙ БОТАБАЕВ – ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ /Бүгінгі кеште қатысушы өзінің достары, жас музыканттар, жас дирижёрлер. Шымкенттен Шыңғыс, Жамбыл деген бауырымыз. Шымкенттің қалалық оркестрінен жігіттер келіп отыр. Репертуарымызға келетін болсақ, сол өзіміздің қазақстанның композиторларының шығармалары/

Жалпы, бұл кештің бітімі бөлек. Яғни, әр өңірден келген 7 дирижер түрлі шығармаларды өзіндік сүрлеумен сүйемелдеді. Осылайша ілкімді ізденіс пен жастық жалын тоғысып, Сыр сахнасы үлкен тәжірибе алаңына айналып отыр. Екі сағатқа созылған кеште ұлттық музыканың бойтұмарына баланған «Біржан-Сара» операсынан бастап, жергілікті композиторлардың туындылары орындалды.

РУСЛАН БАЛМАСОВ – ДИРИЖЕР /Бүгінгі концертіміздің негізгі тақырыбы «Жас екпін» деп аталады. Негізгі мақсаты бүгін бізге сырттан келген, яғни республикамыздың түкпір-түкпірінен дирижёрлер келіп отыр, сол дирижёрлармен біріншіден тәжірибе алмасу. Екінші жағынан жас жеткіншектерді, жас көрермендерді осы біздің ұлттық дүниетанымымызға, ұлттық аспапқа деген, ұлттық нақыштағы әндеріміз, күйлерімізді баулу болып есептеледі/

Тілші: Осылайша мәртебелі музыка салтанат құрған кеште талантты маэстро талғампаз тыңдарманның көңіл сарайын жадыратты.