#qyzylordatv

Облыс орталығында шахматтан балалар арасында ел кубогының екінші кезеңі басталды. Ой додасына елімізбен қатар көршілес 4 мемлекеттің жасөспірім шахматшылары қатысуда.

Жас шахматшылардың талабын ұштауға арналған ой додасы осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биыл бұл турнирдің ауқымы кең. Өйткені, республиканың түкпір-түкпірінен келген жеткіншектермен бірге, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және тәжік елінің таланттары топқа түсті. Бас-аяғы 300 шахматшы бір апта бойы жарыс көрігін қыздырмақ.

ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ // Шахмат ғасырлар бойы адамзатпен бірге дамып келе жатқан зияткерлік ойын. Шахмат – тәрбиелік маңызы зор өне деп айтуға болады. Осы ретте барша жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, шын мықтылар жеңіске жетсін деп тілек білдіргім келеді//

АЗАМАТ ТОКТЫХОДЖАЕВ – ҚЫРҒЫЗСТАН КОМАНДАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ // Қызылордаға екінші рет кеуіміз. Жарысқа Қырғызстан спортшыларын алып келдім. Құрамда 22 ойыншымыз бар. Бірінші келгенде өкінішке орай жүлде бұйырмады. Енді осы жолы шәкірттерімнен жақсы нәтиже күтемін. Қазақстанда шахмат спортының даму қарқыны жоғары. Кішкентай болса да өте талантты шахматшылар көп мұнда//

 Дәстүрлі турнирге 9 бен 14 жас аралығындағы шахматшылар қатысып жатыр. Олар швейцариялық жүйе бойынша сынға түсіп, мықтылары анықталмақ. Айта кетерлігі, талапкерлердің арасында халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген жеткіншектер жетерлік. Солардың бірі қызылордалық – Дияр Мейрамбек.

ДИЯР МЕЙРАМБЕК – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ //Менің жасым 9-да. Мен шахматты жақсы көремін. Мен шахматтан жүлделі орындар алып жүрмін. Осы жарыстан да бірінші орын алғым келеді. Қатысушыларға сәттілік тілеймін//

Жалпы, соңғы жылдары Сыр өңірінде шахмат спорты қарқынды дамып келеді. Қазір аймақта 16 мыңдай тұрғын ой додасымен кәсіби түрде айналысады. Әсіресе, жасөспірімдер арасында шыңдалған шеберлер қатары көбеюде. Бұл сала мамандары жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесі.

МАРАТ САҒЫНТАЙҰЛЫ – ҚР ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ // Сыр еліне келетін болсақ бұл жерде жақсы дәстүрлі жұмыстар жүріп жатыр. Серікбай Әсел мен Назерке бастаған жолды әрі қарай жалғап жатыр. Ернұр, Ақылжан деген балдарымыз ел чемпионы болды, Әлем чемпионатына қатысып жатыр. Фиде шеберлігіне үлкен үміткерлер бар. Осындай жарыстар Сыр елінде, жалпы елімізде таланттарды шығаруға мүмкіндік деп ойлаймын//

 Шахмат – спорттық сайыс қана емес, зияткерлік қабілетті дамытушы құрал. Сондықтан, жас талапкерлердің қабілетін шыңдауда осындай додалардың маңызы зор.

Айта кетейік, аталмыш турнир сегізінші мамырда қорытындыланып, үздік атанған шахматшылар Батыс Қазақстан облысында өтетін келесі кезеңге жолдама алмақ. Ал, сайыстың финалдық ойындары қараша айында Алматы қаласында өтеді.