#qyzylordatv
Бүгінде сексеуіл ағаштарын кесуге де, сатуға да заңмен тыйым салынған. Алайда орман отап, пайда табатындар алқаптарға балта сілтеуін доғармай отыр. Себебі қызыл шоғының қызуы зор өсімдікке қара нарықта сұраныс жоғары. Мәселен, биыл Сыр өңірінде табиғатқа орасан залал келтірген екі топтың заңсыз әрекеті әшкере болды.
Аталмыш дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілер жауапқа тартылған. Шыны керек бұл назарға іліккені. Әйтпесе ен далада қызыл кітапқа енген өсімдікті емін-еркін отаушылар жетерлік. Сала мамандары осылай деп отыр. Өйткені, қорықшылар қат. Қазір қолданыстағы талап бойынша әр орманшы 20 мың гектар аумақты бақылауы тиіс. Оларға қажетті техникалар да жете бермейді. Кейде жаяу жортып аралауға тура келеді екен. Қазір кәуап пісіретін кафе, дүңгіршек, жеке сауда орындарында бұл өсімдік отын ретінде ашық пайдаланылады. Сексеуіл саудасының қыза түсуіне қолданыстағы заң нормасының жеңілдіктері де әсер етіп отыр, дейді сала жетекшісі.
АЙБЕК ЖОЛАҚАНОВ – ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ / Қазақстан Республикасы экология министрлігі, орман шаруашылығы комитетінің 2023 жылғы №260 бұйрығымен мемлекеттік орман қоры аумағындағы Сексеуіл ағаштарын кесуге тиым салынған. Ал, басқа аумақтарда ондай тыйым көрсетілмеген. Сондықтан мұндай мәселелер басқа аумақтардан да орын алуы мүмкін. Мысалға далалық аумақтарда шашылып жатқан, жел құлатқан ағаштарды жинап әкеліп сату деректері де анықталып отыр. Ондай облыста биыл 8 дерек анықталды/