#qyzylordatv

Нағи Ілиясов ауылында соғыс ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері Сәдуақас Әлиевті еске алуға арналған жыр мүшәйрасы өтті. Байқауға қатысқан білім саласының қызметкерлері майдангердің ерлік істерін дәріптеп, өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етті.

 Ананың ақылын, әкенің өсиетін тыңдап өскен бала Сәдуақас жастайынан білімге құштар болды. 1933 жылы Киров атындағы совхозда бастауыш мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Педучилищеге оқуға түседі. «Бастауыш пәнінің мұғалімі» мамандығын меңгерген жас маман алғаш еңбек жолын Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» жеті жылдық мектебінен бастайды. Шәкірт санасына сәуле шашып, білім жолын таңдаған ұстаз 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, ары қарай майдан даласына аттанады. Сәдуақас Әлиев Сталинград пен Дон өзені бойындағы шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түседі. Дертінен айыққан жауынгер 1943 жылдың 9 қазанында ұрыс даласына қайта оралып, Украинаны азат етуге қатысқан. Сырдариялық сарбаз Жеңіс мерекесін Берлинде қарсы алады. «Ерлікке тағзым» атты танымдық шарада Отан үшін от кешкен жаужүрек жауынгердің ерлік істері дәріптеліп, естелік әңгімелер айтылды.

 Елге аман есен оралған Сәдуақас Әлиев еңбек майданында да тер төкті, артында өшпес із қалдырды. Қырық жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұрпақ өсірді. Ардагер ұстаздың ұл-қыздары да әке жолын жалғап, білім саласында еңбек етуде. Жалпы, Әлиевтер әулетінен қырыққа жуық мұғалім шыққан.

Нағи Ілиясов ауылында майдангердің есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіледі. Биыл міне, білім саласы қызметкерлері арасында жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Талапкерлер байқау шарты бойынша бірінші Сәдуақас Әлиевке арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыпта жазған туындыларын тыңдарманға ұсынды.

Байқау қорытындысымен Қалжан ахун ауылынан келген жас ақын Мұхамеджан Мансұров бас жүлдені жеңіп алды. Тағлымды шара ауылдағы білім ошағында қорытындыланды. Мектепте Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Сәдуақас Әлиев атындағы кабинет ашылып, шәкірттердің жан жақты білім алуына жақсы жағдай жасалды.