Бүгін – Көрісу күні. Бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Жұртшылық осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып хәл-жағдайын сұрау міндет. Бұл мерекенің тағы қандай ұлағаты бар? Амал күніндегі амалдар турасында әріптесім Елжас Әбділда тарқатады.
Амал – еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен таралған мереке. Дегенмен бұл бір аймаққа ғана тән атаулы күн емес. Жиырмасыншы ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған. Кейін солақай саясаттың кесірінен ұмыт қалды. Десе де соңғы жылдары қазақы құндылыққа қайта бой түзеп келеміз. Бұл күні араздасқандар достасып, салқындықпен қоштасып, жұртшылық қыстан аман шыққанына қуанып, бір-бірімен көріседі. Этнограф Сейдалы Біләловтің айтуынша, кеңестік кезеңде бұл мерекенің санадан өшуіне урбанизациялық өзгерістердің әсері көп болған.
СЕЙДАЛЫ БІЛӘЛОВ – ЭТНОГРАФ \\ Қалалық мәдениет сыртта көшіп-қонып жүретін қазақ үшін бұл дәстүрлер біртіндеп санамыздан тысқары шығып қалды, ұмытыла бастады. Әупірімдеп 1980 жылдардың ортасында зерттеуші-тарихшыларымыз қайтадан осыны жандандырып, наурыз мерекесі қайтадан тойлана бастаған уақытта осы көрісу мерекесі де қайтадан қолға алынып, халықтың арасына енгізіле бастады...
Бабаларымыздың әр дәстүрінде бір тағылым түюлі. Мәселен, осы амал мерекесін алайық. Қыс қылығынан қайтып, тоң жібір сәтте адамдардың арасындағы қатқан қабақ та жібиді. Бұл рухани өре. Ал табиғи тұтастық тұрғысында да үлкен үйлесім бар. Шығыс күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы осы амал күнімен тұстап-тұс келеді. Яғни, бұл күнді – жыл басы, жаңару мерекесі деп те атауға болады.
СӘКЕН АЛДАШБАЕВ – ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ \\ Ғалымдардың есептеуінше, аспан денесімен күннің сәйкес келуі, яғни, оңтүстік бөліктің солтүстікке өтуі деп айтылады. Қазақ мұны ертеден білсе керек, күннің мағрибтан машриққа өтетін күні осы 14-і деп айтып жатады. Осы 14-нен кейін 7 күн 7 түрлі амалға жатады. Бұл күндер адам денсаулығы үшін өте күрделі деп айтады екен. Осыны жеңудің бірден-бір жолы адамның көңіл-күйін көтеру...
Соңғы жылдары амал мерекесі еліміздің батыс аймағында ғана емес, өзге де өңірлерде тойлана бастады. Соның ішінде Сыр өңірінің шоқтығы биік. Тіпті, қазақы аймақта түрлі этнос өкілдері де мазмұнды мерекені жыл сайын асыға күтетін болған. Әсіресе бұл жастар арасында айрықша маңызға ие.
ЮЛИАННА КИМ – СТУДЕНТ \\ Амал мерекесі жаңа жылдың бастауы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тойланатын мерекелердің бірі. Халқымыз үшін айрықша орны бар. Сондықтан осы мерекені достық үйі шаңырағының астында біз де тойлап жатырмыз.
Ілгерідегілер көрісу күнінде кем дегенде үш жанұяның шаңырағына барып, шынайы ықыласпен хәл-жағдайларын сұрайтын болған. Бірақ қонақ ретінде ешкім арнайы шақырылмайды. Бұл күні көтеріңкі көңіл-күймен жүрген жөн. Тек бір ғана жағдайда реніш білдіру құпталмақ. Яғни, үлкендер жағы көрісуге келмеген, сәлем-сауқат бермеген жастарға кейіс білдіріп отырған. Бағамдасақ, талайды тағылымға бастаған амал мерекесінде ренжудің де реті көрсетілгенін байқауға болады.
Дөңгеленген дүниеде көңіл қымбат. Ал сол көлдей көңілді көрсететін мазмұнды мерекенің бірі осы. Қыстан аман шыққан қауымның қауқылдасып қауышуы ыстық ықыласты айғақтайды. Ендеше амалға аман жеткеніміз құт болсын, көрермен!