Наурыз мерекесі 2009 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізіліп, халықаралық деңгейде қорғауға алынған. Елімізде бұл мейрамның мәнісі ерекше, ол- табиғаттың қайта түлеп, тіршілік атаулының жаңаратын кезі ғана емес, әлеуметтік жаңарудың символы. Кешегісін саралап, сана серпілісін бастан өткерген қоғам бірлігінің белгісі. Тарихы терең, тағылымы мол мейрамның мән-мағынасы туралы тілшіміз Асылзат Жолдасқызы аз-кем айтып берсін.
Жер жүзін тіршілікке бастайтын әз-Наурыз – көнеден келе жатқан мереке. Мыңдаған жылдық мәні, өзге мерекелерге ұқсамайтын сәні мен әні бар. Күн көзінің жылуы артып, табиғаттың мейірімі молая түскен шақта қыздар да қыр қызғалдағындай құлпырып шыға келеді. Ал мынадай әшекейлер әр берсе, ұлттық киім ерекше сән береді.
Ұлыстың ұлы күнін тойлау жылдан-жылға жаңғырып, жаңаша сипат алып келеді. Бұл ұлттық киімнің үлгісі немесе салт-дәстүрдің сабақтастығы сыналатын сәт емес. Наурыз - күн мен түннің теңесуі, халықтың басы бір арнаға тоғысып кеңесуі. Ал әлсізге демеу, жүдеуге жәрдем, жәбірленушінің жанына медеу болу мерекенің мәні мен маңызын одан әрі айшықтай түседі.
Қазақ үшін құндылығы жоғары әз-Наурыздың кетеуі кете жаздаған кездер аз емес. 1926 жылы кеңес үкіметі «мерекенің діни сипаты бар деп, оны тойлауға үзілді-кесілді тиым» салды.
ҒАБИТ ТҰЯҚБАЕВ - ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ Наурыз тойын атап өтуге байланысты дәл мұндай шешімді шығаруына негізі бұл діни мереке деп атап өтті. Ал шын мәніне келген кезде наурыз мерекесінің астарында діни астар жоқ. Өзбекәлі Жәнібековтың қазақ үшін жасаған еңбегі, қызметі өте терең. Сонымен бірге ең үлкен еңбегі наурыз мерекесін қайтару. Мемлекеттік мереке ретінде атап өтуге қол жеткізуде осы Өзбекәлі Жәнібековтің және Мұхтар Шахановтың еңбегі ерекше. Араға жарты ғасырдан астам уақыт салған кезде 1988 жылы біз наурызды қайта мемлекеттік мереке ретінде атап өттік. Сондықтан наурыз тек қана ұлттық мереке деп емес, сонымен бірге ұлт болып қалыптасуымызда, ұйысуымызда, ұлттық дәстүрді, салтты сақтауымызда үлкен орны бар мереке.
Наурыз мейрамы туралы құнды мәліметтер орта ғасырлардан бастап кездеседі. Шығыс деректері, Ресей зерттеушілерінің еңбектері, археологиялық жарияланымдар мен этнографиялық мақалалар, қазақ зиялыларының жазбалары осының дәлелі.
ҒАБИТ ТҰЯҚБАЕВ - ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» деген дүниесі бар. Сонда осы наурыз мерекесіне байланысты үлкен ойын, пікірін айтады. Және осы наурыздың шығу тегіне байланысты, бұл тек қана түркі халықтарына, қазаққа ғана тән мереке емес, мұның негізі парсы тілінен алынған нейруз деген сөзден шыққан. Сондықтан бұл шығыс халықтарына ортақ мереке деген нәрсені айтады. Наурыз мерекесіне байланысты Әл-Фарабидің еңбектерінде бар, Жүсіп Баласағұнның еңбектерінде бар. Кешегі Абайдың еңбегінде бар, яғни наурыз бұл біздің адамзатқа ортақ мереке деп айтуымызға болады.
Мерекенің атауы әр елде әртүрлі. Ирандықтар - навруз, Тәжік халқы «бәйшешек немесе гүлгардон» дейді. Ал, татарлар – нардуган, бирмалықтар – су мейрамы, өзбектер «наусарджи» деп атайды. Қазақтар Ұлыстың ұлы күні деп айрықша бағалаған. Қызылорда халқы да әз-Наурызды асыға күтеді.
Жалпы наурыздың шығу тарихын біле бермеймін. Қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі наурыз деген. Наурызды үлкен қылып тойлаймыз, отбасымызбен, ағайын-туысымыз жиналып, жеті түрлі дәмнен көже пісіріп. Наурызда бізде жиырмасынан отыз біріне дейін міндетті түрде он күн бойы ағайын-туыстың үйлерін аралап, өте керемет қылып тойлаймыз. Наурыз деген өзі қазақтың салт-дәстүрінің бірі деп түсінемін өзім. Жаңа жылға қарағанда наурыз мейрамы өзіме қатты ұнайды.
Бізде наурыз мейрамында көптеген ойындар өтеді. Асық ату және арқан тартыс болады. Көже жасап, түрлі-түрлі тағамдарды істейміз, үйге ата-әжелерді шақырамыз.
Наурыз қазақтың жаңа жылы дейді ғой. Наурызда неше түрлі ойындар ойналады. Алтыбақан, қыз қуу, көкпар деген секілді, асығымыз бар мысалы.
Төл мереке қандай қилы заман болса да ғасырлар бойы тойланып, бүгінге жетіп отыр. Қазір ЮНЕСКО-ның қорғауындағы мұра.
Халық өміріне терең із, мағыналы сыр қалдырған Ұлыстың ұлы күні оң, ақ мол болсын!