Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен кезекті Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде креативті индустрияны дамыту, мәдениет саласын цифрландыру мәселелері қаралды. Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Одан бөлек, аймақта әскерге шақыру барысына талдау жасалды. Сондай-ақ, тазалық мәселесі күн тәртібінен түспейтіні туралы тағы қадап айтылды.

Креативті индустриядан Сыр елі де сырт қалып жатқан жоқ. Десе де одан әрі дамыту күн тәртібінде тұр. Бұл ретте «Руханият орталықтарында» креативті хаб бұрыштарының жұмысын күшейту, мемлекеттік архивтер мен мекемелердің «Е-Архив» ақпараттық жүйесіндегі жұмысына ай сайын мониторинг жүргізу маңызды. Аталған мәселе төңірегіндегі тірліктер мен жоспарлар туралы сала басшысы өз хабарламасында бөлісті.

Бүгінде ел ағаларымен әскер туралы әңгімелесе қалсаң, мынадай пікірді естисің: «әскерде ұқыптылыққа, уақытты тиімді пайдалануға, сабырлы, шыдамды болуға дағдыландық. Сонымен қатар шапшаң қимылдауды, бастаған істі кейінге қалдырмай, соңына дейін жеткізуді де үйрендік. Әскердің кемшілігін көрмедік. Қазір бір жыл деген ештеңе емес. Кезінде бір емес, екі-үш жыл әскери борышты өтедік, тіпті ол кезде тәртіп те қатаң болған, әскерге бармай қалғандар өзін жігіттің қоры санайтын» дейді. Ал, қазір ше? Жаман әдеттен қашпаса да, әскерден қашуды қатыратын жігіттер жағы баршылық. Соның салдарынан кезінде талай батыр шыққан рухты Сыр жері ел әскерін жауынгермен қамту көрсеткішін 100 пайызға орындай алмай отыр екен.

Былтыр аймақта әскери борышын өтейтін жастағы 360 жігіт іздестірілген. Оның 300-дейі табылып, қалған бөлігі туралы дерек әзірге беймәлім күйде қалып отыр. Сен қашсаң, қасыңдағы досың қашса, көрші жігіт қашса, сонда бұл елді кім қорғайды деген заңды сауал туындайды. Жиында облыс әкімі әскер қатарының толығуы еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығының кепілі екенін, әскерге міндеттілердің шақыру пункттеріне уақытылы және толық келуін қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үшін әрине, құзырлы басқарма, департаменттердің де үйлесімді жұмыс жасауы маңызды. Дәл осы тұс олқы соғып тұрғаны да жасырын емес, қорғаныс істері департаменті жауапкершілікті әкімдердің орынбасарларына ысыра салуды қолай көреді.

Ұзын сөздің қысқасы, жоспардың орындалуы қатаң бақыланып, әскерге барудан жалтарып жүрген азаматтарды іздестіру, заңға сәйкес тиісті шара қабылдау керек, - деді облыс басшысы. Және тазалық жұмыстары уақытша науқан емес, күн тәртібінен түспейтін іс екені тақтап айтылды.