Ардагерлер үйінде «Аманат» партиясы партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Жиында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында егде жастағы азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік және медициналық қолдау жайы баяндалып, мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы мен облыстық Ардагерлер кеңесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мақсат - ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету.
Бүгінде облыста 85 мыңнан астам ардагер бар. Соның ішінде 2 мыңнан аса егде жастағы адамдар былтыр арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Аймақта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған лицензияны 20 орталық алған. Мұнда стандартқа сәйкес 8 бағыт бойынша арнаулы қызметтер көрсетіледі.
Егде жастағы тұрғындардың денсаулығын нығайтуда сапалы медициналық қызметтің рөлі ерекше. Қазіргі таңда әрбір емханада «Қарттар денсаулығы мектебі» жұмыс істеп тұр. Былтыр 8 мыңға жуық адамға профилактикалық кеңес беріліпті. Жалпы облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 822 604 тұрғын тіркелген, оның 11,4%-ын 60 жастан асқан егде жастағы тұрғындар құрайды.
Көшпелі отырыста ардагерлер қоғамдық көлікте тегін жүру және медицина саласына қатысты әлі де кмшіліктердің бар екенін ашық айтты. Комиссия отырысында көтерілген ұсыныстар жергілікті атқарушы органдардың, республикалық комиссияның назарына ұсынылатын болды.