Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында «Салт-дәстүр – сан ғасырлық мұра» атты фестиваль өтті. Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған шарада салт-санамыз салтанат құрып, дәстүріміз дәріптелді.
«Уықты басқұр ұстайды, халықты дәстүр ұстайды». Қазақ халқының әрбір салты мен дәстүрінің тәрбиелік мәні тереңде жатыр. Жаһандану кезеңінде оны дәріптеудің маңызы зор. Наурызнама онкүндігі құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға жол ашып отыр.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – АУДАН ӘКІМІ // атаулы күн ата-бабамыздан мұра болып қалған рухани құндылықтарды жаңғыртып, ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін ерекше сәт. Біздің міндетіміз сол дәстүрлерді сақтау, насихаттау және жаңғырту.
Фестивальге ауыл-аймақтағы тұрғындар қатысты. Олар сан ғасырлар бойы сүзгіден өтіп, ел мәдениетінің мол мұрасына айналған салтымызды сахналады. Соның бірі – беташар дәстүрі.
МАҚСҰТ ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ – Қ.МҰХАМЕДЖАНОВ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИТ ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ // Кішкене бала мектепке барғанда қолына әліппе ұстататын болса, қазақ түскен келіннің бетін ашып, үлкенді құрметтеу, ата-анасынан алып келген тәрбиесін, беташар арқылы түсіндірген. Сол арқылы ағайын-туысыты келген жерін таныстырған.
Тұсаукесер рәсімінде де тұнған тәрбие жатыр. Баланың бесіктен шығып, қаз-қаз басып алғашқы қадамын жасауы үлкен мәнге ие. Сондықтан ата-бабамыз бұған байыппен қараған. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Ал, баланың тұсауын елге сыйлы, абыройлы азаматтарға кесітірген.
Мазмұнға толы шарада «қыз ұзату», «бесікке салу» сынды салт-дәстүрлеріміз насихатталды. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден бастау алатынын ескерсек, мазмұнды шараның маңызын аңғару қиын емес.