Талантты ақын Ақжол Түменбай Шымкент қаласында өткен дәстүрлі «Күміс қалам» республикалық жазба ақындар дуэлінде бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша жерлесіміз жас қаламгерлер арасында бәсі жоғары бәйгені Сыр өңіріне әкелген алғашқы ақын атанып отыр.
Дәстүрлі «Күміс қалам» сайысы осымен төртінші мәрте ұйымдастырылды. Биылғы байқау балалар әдебиетінің классик ақыны Өтебай Тұрманжанұлының 120 жылдығына орай өткізілген. Поэзия дуэлінде еліміздің әр аймағынан келген 12 ақын бақ сынады. Олар бірнеше кезең бойы өзара сайысқа түсіп, қалам қуатын дүйім жұрттың алдында паш етті. Ақтық кезеңде Ақжол Түменбай Түркістан облысының талантты ақыны Мұқағали Кенжетайұлымен сынға түсіп, поэтикалық дуэль жеңімпазы атанды. Осылайша жерлесіміз күміс қалам мен 1 миллион қаржылай сыйлыққа қол жеткізді. Шығармашылық сайыста аймақ мерейін асқақтатқан ақынды өлең сүйер қауым зор ықыласпен күтіп алды.