Жергілікті атқарушы биліктің де, қадағалау органының да басты назарындағы ортақ мәселе – ол артспортқа бөлінген қаражаттың заңдылығы. Бүгін облыс прокурорының төрағалығымен балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында және шығармашылық үйірмелерінде мемлекеттік тапсырысты орындаудың заңдылығына қатысты алқа отырысы өтті.

Жасыратыны жоқ, артспорт жобасы басталғанда бала біткен алақайлаған еді. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор етті!» демекші, жосықсыз өнім берушілер ұлт перзентін тәрбиелеуге бағытталған жобаның өңін айналдырып жіберді. Осылайша басымдық балақайлардың алақайына емес, кей кәсіп иелерінің алақанына беріліп кетті. Соңғы үш жылда мемлекеттік тапсырысты орындауға 11,6 млрд теңге бөлініп, 310 өнім берушімен қызмет жасалған. Негізсіз төленген қаржының көлемі 530 млн теңгені құраған. Мемлекетке 30-дан астам өнім берушіден 91 млн теңге өндірілді. Артық ақша асаймын құйтырқы әрекетке барғандар қатары аз емес. Мәселен, Жалағаш ауданында қайтыс болған баланы таэквондоға қатысад деп толтырған, ал мүгедек баланы заманауи би үйірмесіне тіркеп, беті бүлк етпестен қаржы алып отырған.

Ақиқатын айту керек, құзырлы басқармалар да қол қусырып отырған жоқ, зерделеу жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Дейтұрғанмен, қолданыстағы кейбір нормативті-құқықтық актілердегі қайшылықтар және ақпараттық жүйелердің интеграцияланбауы көп істе қолбайлау болатыны рас

 Шыны керек, соңғы уақытта басымдық кәсіп иелерінің мүддесін қорғауға беріліп келеді. Ал, дәл осы артспорт бағытында балалардың құқы мен мүддесі сол бизнес иелеріне берілген басымдықтың тасасында қалып қойғанын несін жасырамыз, - деді облыс әкімінің орынбасары:

 Қадағалау органы аталған артспорт жобасы аясында заңсыз алынған ақшаны өз еркімен қайтарған кәсіп иелеріне жазалау процедурасы қолданылмайтынын тағы бір еске салып отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, істі насырға шаптырмай, мемлекет қаражатын тез арада қайтарған тиімді дейді облыс прокуроры

Еске сала кетейік, облыс әкімдігінің тікелей тапсырмасымен және облыстық прокуратураның үйлестіруімен балаларға арналған спорт секцияларында және шығармашылық үйірмелерінде мемлекеттік тапсырысты орындаудың заңдылығын тексеруге арнайы жұмысшы топ құрылған болатын, сол топ артспорт бағытындағы барлық қаржылық процедураларды тексеріп, тиісті шаралар қабылдап жатыр.