#qyzylordatv

12-ші сәуір халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Айтулы күнге орай Байқоңырда мерекелік шеру болды. Әріптесім Гүлай Ашекованың бейнематериалында толығырақ.

ГҮЛАЙ АШЕКОВА -ТІЛШІ « 1961 жылы 12-сәуірде кеңес одағының батыры Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа аттанды. «Восток» кемесімен әуеге көтерілген ол 1 сағат 48 минут бойы жерді ғарыштан бақылап, тарихта тұңғыш рет орбитаны айналып шықты. Міне осынау елеулі оқиға қазақ жерінен, яғни дәл осы Байқоңыр жерінен бастау алды. Сондықтан байқоңырлықтар үшін бұл күн ерекше мереке. Осыған орай қала тұрғындары бүгін таң сәрісінен бері Гагарин саябағына жиналып, мерекені тұңғыш ғарышкердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті».

 ШЫНАР РАХМЕШКЕНОВА - ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Жылда осылай Гагариннің ескерткішіне келіп, гүл шоқтарын қойып, есімізге түсіріп, осындай кісі ең бірінші адам адамзат баласында ғарышты бағындырған деп атап өтеміз. Өсіп келе жатқан ұрпақ та осылай қаламызды көркейтіп, өніп-өсіп, ғарышқа жол салған бірінші адамды ұмытпаса екен дейміз».

Бұл мереке жыл сайын жұлдызды қалашықта сән-салтанатымен аталып өтеді. Жиында ең алдымен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин сөз сөйлеп, қала тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады.

КОНСТАНТИН БУСЫГИН - БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ /аударма/ «Біз жыл сайын дәстүрлі түрде осы саябақта жиналамыз. Біздің бұл дәстүріміз ғарыш әлеміне жол салған Юрий Гагаринге көрсеткен құрметіміз деп білемін. Ол 27 жасында кеңес одағының ғана емес, жалпы планетаның батыры болды деп есептейміз. Сондықтан бұл күн тек байқоңырылықтардың ғана емес, барша адамзат баласының мерекесі. Себебі сол 1961 жылдың 12-сәуірінен бастап адамзаттың ғарышты бағындыру кезеңі басталды».

 Мұнан соң қала тұрғындарына Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай ыстық ықыласын жеткізіп, ғарыш саласында қызмет еткен ардагерлерге алғыс білдірді.

ҚАЙРАТ НҰРТАЙ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАЙҚОҢЫР КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ «Бұрын кеңес одағының кезінде әр бала ғарышкер болсам деп армандады. Бұл осы жерден бастау алған тарихтан туындаған арман еді. Арман қуып, біздің жерлестеріміз де ғарышқа ұшты. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов. Қазір ғарыш айлағының жаңа даму кезеңі басталып келе жатыр. Өйткені, әлем дамып келе жатыр. сондықтан ҚР мен РФ ғарыш саласын дамытудың жаңа бір кезеңіне келіп тұр. Сондықтан осы салада қызмет еткен ардагерлерімізге, қазіргі қызметкерлерге осы сәтті пайдаланып алғыс айтамын».

Тұрғындар алғашқы ғарыш кемесін құрастырған Сергей Королевтың ескерткішіне де гүл шоқтарын қойып, қолдан жасалған зымыран макеттерін ұшырды.

Мерекеге жиналғандар «Бәйтерек» кешенінің жұмысын да тілге тиек етті. Желтоқсан айында көкке ұшатын «Союз» зымыраны қос мемлекет үшін де маңызды қадам болмақ.

ВЛАДИМИР ШЕВЧЕНКО - С.П.КОРОЛЕВ АТЫНДАҒЫ «ЭНЕРГИЯ» ЗЫМЫРАН-ҒАРЫШ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ «БАЙҚОҢЫР» ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ

 «Осы 64 жыл ішінде Байқоңыр ғарыш айлағында қаншама сәтті ұшырылымдар болды. Қазір бізде РФ мен ҚР бірлескен жобасы «Бәйтерек» кешенінде өте ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соған қызу дайындық үстіндеміз. Екі мемлекеттің азаматтары осы жобаны сәтті алып шығамыз деген сенімдеміз. Осы айтулы мерекеде ғарыш саласында қызмет етіп жатқан барша әріптестерге сәттілік тілеймін және мерекемен құттықтаймын».

 Мерекелік шара “Гагариндік ұшу” алаңында жүгіру марафонына ұласты. Спорттық шара 3 күнге жалғасады. Қазір Байқоңырдағы спорт федерациясылары мұнда белсенді түрде атсалысып жатыр. Ал алдағы демалыс күндері Байқоңырдағы барлық музей, кинотеатр, сурет галереяларында 1955 жылы іргесі қаланған космодромның тарихы тұрғындар мен қала қонақтарына кеңінен насихатталаталатын болады.