#qyzylordatv
Қызылордада жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірім автокөлік тізгіндеген. Заңға қайшы әрекеті үшін оған екі бірдей әкімшілік хаттама рәсімделсе, анасына үш әкімшілік құқықбұзушылық дерегі бойынша айыппұл салынды.
Рейд барысында патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде “Daewoo” маркалы көлікті тоқтатқан. Тексеру кезінде көлікті 17 жастағы жасөспірімнің жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталды.
Жасөспірімге Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің екі бабы бойынша хаттама толтырылды. Ал жасөспірімнің анасына – көлікті басқару құқығы жоқ адамға бергені үшін, әрі кәмелетке толмаған баласының түнгі уақытта заңды өкілісіз жүргені үшін айыппұл салынды. Сондай-ақ, жасөспірімді әкімшілік құқықбұзушылық жасауға итермелеу дерегі сотқа жолданды. Сот шешімімен анасы кінәлі деп танылып, 137 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.