#qyzylordatv

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өртке қарсы дайындық шаралары мен су тасқынының алдын алу мәселелері қаралды. Жиыннан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, күн тәртібінде көтерілген осы және өзге де мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміздегі төтенше жағдайлардың 90 пайызы өрт салдарынан болады. Өңіріміздің құрғақ, желді климатын ескерсек, дала өртінен сақтану маңызды. Мәселен, өткен жылы облыс аумағындағы 67 гектар аумақта 13 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл 160 гектар жерді қызыл жалын шарпыған. Сондықтан мамандары бірлескен жедел хабарласу схемасын әзірледі.

 ҒАЛЫМЖАН ЕРКЕБАЙ – ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ //. Өрт қауіпті маусымда орман және дала өрттерін сөндіру үшін 15 дана өрт сөндіру автокөлігі, 10 дана дрон, 15 дана өрт қадағалау мұнаралары және 65 тұрақты өрт сөндіруші жасақтары жұмыс жасауда. Орман қоры жерлерінде 498 шақырымға жаңадан өрт жолақтары сызылды және 6 мың шақырымға ескі өрт жолақтары қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, елді мекен тұрғындары мен шаруа қожалықтарына 1811 дана ескерту хаттары таратылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 172 рет мақалалар жарияланды. Облыста орман өрттерінің алдын алу шаралары өз деңгейінде ұйымдастырылып, атқарылды және қатаң бақылауда.//

 Дала өрттерінің алдын алу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды дер кезінде қамтамасыз ету қажет. Осылай деген Нұрлыбек Нәлібаев сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Көбісі салғырттықтан болады. Ережелерді сақтамаудан болады. Сыртқа барады, демалуға барады . Сол жерде жаққан оттарын өшірмей кетеді. Болмаса ертең күн 50 градус ыстықта темекі қалдықтарын тастайды, содан болады. Соның барлығын қатаң ескертуіміз керек. Ертең даладағы егіс алқаптарын өртейді. Оны игере алмай қалады. Сол үшін түсіндіру шараларын кеңінен жүргізу керек. Үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасаңыздар.//

 Мәжілісте су тасқынының алдын алу мәселесі де қаралды. Мамандардың сөзінше, 14 ақпаннан бастап өзен бетінде мұз жүріп, наурыз айында толықтай тазартылған. Келген мол су көлдер жүйесіне жіберілді. Дегенмен, кейбір елдімекендер мол судың зардабын сезінді. Атап айтар болсақ, Арал ауданы №92-ші бекет тұсындағы темір жолдың жиегін су шайып кетсе, Аманөткел ауылындағы «Кәрі бөгет» автожол көпірінің бір жиегі құлаған. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы электр желілері су ортасында қалды. Облыс әкімі аталған аудан әкімдеріне зақымдалған нысандарды шұғыл ретке келтіруді тапсырды.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Шұғыл түрде мыналар қалпына келсін. 1 ай уақыт беремін. Енді бізде ондай қауіп жоқ. Кейінгі кездерде су тасқыны болып жатқан жоқ. Су көпте болып жатыр қыс мезгілі кезінде. Бірақ, ұйымдасқан жұмыстардың нәтижесінде оны Аралға жеткізуге мүмкіндігінше жұмыс жасап жатырмыз. Бұл жерде әріптестеріміздің де еңбегі бар.//

Жиын соңында аймақ басшысы ел игілігі үшін салынып жатқан нысандардың сапасына ерекше мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар, санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың қасбеттерін қалыпқа келтіруді, саябақтар мен аллеяларда сенбілік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.