#qyzylordatv

Қызылордалық «Қайсар» командасы кезекті үш ұпайын олжалады. Сырт алаңда атыраулықтармен кездескен «дала қасқырлары» ойынның соңғы минутында жеңіс голын соқты. Осылайша жерлестеріміз 10 ұпаймен турнир кестесінің оныншы сатысына жайғасты.

Алаңға шыққан қос команда ойыншылары да жеңістен үмітті болды. Алғашқы таймда алмакезек шабуыл жасаған аяқдопшылар қақпадан саңылау таппай, таразы басы тең тарқасты. Екінші тайм командалардың осал тұсын іздеумен басталды. Ойынның 75 минутында атыраулық қорғаушылар айып алаңында Айбар Жақсылықовты шалып жығып, төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді сәтті орындаған қызылордалық шабуылшы командасын алға шығарды. Мұнан соң ойын негізінен алаңның екінші жартысында жалғасты. «Атырау» командасы шабуылды үдетіп, қызылордалықтардың қақпасын қайта-қайта нысанаға алды. 91 минутта қонақтардың капитаны Ринат Жұматов көтерген допты, жартылай қорғаушы Амандық Нәбиханов баспен ұрып қақпа маңдайшасына тигізді. Ал 95 минутта атыраулық Ринат Жұматов допты шиіре теуіп, таразы басын теңестірді. Араға бір минут салып қайсарлық шабуылшы Айбол Әбікен алаңның ортасынан қабылдаған допты, қарсыластың қақпасында тулатты. Осылайша дала қасқырлары биыл алғаш рет сырт алаңда үш ұпай еншілеп отыр.