#qyzylordatv
Биыл дүркіреп өтетін түлектер кешіне, қаланы аралап кортежбен жүруге тиым салынды. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін полицейлердің жұмысы күшейді. Тәртіп сақшыларымен бірге түнгі рейдке шыққан тілшіміздің бейнематериалында толығырақ.
Үш күнге созылған күшейтілген шарада беймезгіл уақытта жасөспірімдердің жөнсіз жүруін қадағалауға тәртіп сақшыларынан бөлек, қалалық жастар орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Мұндағы мақсат — балалардың қауіпсіздігі.
МЕДЕТ ЖОРАБЕК — ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ // Профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты бүгінгі күні ұйымдастырылып жатқан бітіруші түлектердің кештері, алдын-алу және болдырмау. Соның ішінде, жасөспірімдердің арасында жасалатын қылмыстардың, кортеждердің, сонымен қатар, осы мерекені тойлау барысындағы заңсыздықтарға орын бермеу. Осы жөнінде бүгінгі күні профилактикалық топ мүшелері арнайы түсіндірме жұмысын ұйымдастыруда.
Сағат тілі 21:00. Құқық қорғау қызметкерлері кафелер мен түнгі клубтарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары кәсіптік нысанның әкімшілеріне түлектердің кешіне рұқсат берілмейтінін ескертіп, нысандарды аралап шықты.
ЕРДӘУЛЕТ ЖӘУКЕЕВ — ОПД ЖПҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ // Жалпы бұл іс-шараға 588 қызметкер, 133 қызметтік автокөліктер жұмылдырып отырмыз. Жастардың баратын орындары, кафе-барлар мен түнгі клубтар барлығын осы рейд барысында аралайтын боламыз. Егер кәмелетке толмағандар ата-ана қарауынсыз түнгі 23:00 бастап, таңғы сағат 6-ға дейін көшеде жүретін болса, 442-баптың 2-бөлігімен жауапкершілікке тартылатын болады. Және ойын-сауық орындарында болуға жол берген жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 132- бабының талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады.
Рейдтік шара нәтижесінде барлығы 90 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Өз міндетін жауапкершілікпен орындамаған 11 ата-анаға хаттама толтырылды. Беймезгіл жүрген 73 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне хаттама рәсімделді. Ал түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 3 кәсіпкерге айыппұл салынды.