#qyzylordatv #тазақазақстан

Қазалы ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында заманауи демалыс инфрақұрылымын дамыту бағытында толымды тірліктер жетерлік.

Қазалыда аудан орталығы мен елді мекендерді байланыстыратын автомобиль жолдары қайта жаңғыртылып жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі 11 көше мен Қазалы қаласындағы 10 көше, Жанқожа батыр ауылына кіре беріс жол мен Әлсейіт көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі жол күрделі жөндеуден өтуде.

Мұнан бөлек 120 жылдық тарихы бар аудандық темір жол вокзалы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жобаға сәйкес, нысанның шатыры ауыстырылып, есік-терезелері жаңадан салынады. Сонымен қатар, жолаушыларға арналған күту залы да заманауи талаптарға сай жабдықталады.

Ал аудан орталығында бой көтерген Руханият орталығына келушілердің саны күн санап артып келеді. Бірі – некесін қиюға келсе, енді бірі – 5 мыңға жуық тарихи жәдігер сақталған музей қорымен танысуға асығады. Орталық алаң толық абаттандырылды. Жаңа субұрқақ орнатылып, брусчаткалары жаңаланды. Балалар және жаттығу алаңдары салынып, ауданның сәулеттік келбеті арта түсті

 Ал, қайта жаңғыртудан өткен Әйтеке би кентіндегі Жеңіс саябағы отбасылық және балалар ойын алаңы, айналмалы аттракциондар мен бассейн орнатылып, тамақтану орындарымен толықты. Аумағы 20 гектарды құрайтын саябақта «Даңқ», «Тағзым», «Қазақ хандығы» кіші архитектуралық ескерткіштері де жаңа кейіпке енген.

 «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында өңірдің барлық елді мекендерінде тазалық, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін тазалық шараларына барлығы 190 мыңнан аса тұрғын атсалысқан. Нәтижесінде 8 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылыпты. Мыңға тарта әлеуметтік нысан, 30-дан астам су айдыны аумағы тазартылған. 471 сквер мен парктер, 221 тарихи-мәдени ескерткіш,

2 820 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 23 124 көше мен көп қабатты үйлер қоқыстан аршылған. Бұл жұмыстарға 540-тан аса техника жұмылдырылды. Жыл басынан бер облыс бойынша 240 700 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сыр талының көшеттері егілді.