#qyzylordatv #абай180
Күллі Алаш көз тіккен Абайдың 180 жылдық мерейтойы ақынның туған топырағында дүбірлеп өтті. Бұл күні ұлт болмысын танытқан мазмұнды әдеби-мәдени іс-шаралармен қатар, ақындар айтысы, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ұлт руханиятының темірқазығы, ұлы кемеңгерді ұлықтаған жиынға Сыр өңірінен де арнайы делегация барып, тағылымды шараларды тамашалады.
Мерейтой барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқып берді. Мемлекет басшысының құттықтауында Абай әлемдік ауқымдағы ғұлама екеніне және оның рухани мұрасы келер ұрпақ үшін өзекті болып қала беретініне баса мән берілген.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
//Биыл қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ұлт руханиятының шамшырағы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Осыған байланысты алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтау хатын оқып беруге рұқсат етіңіздер. Абай – төл мәдениетімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртқан ұлы ақын. Хакім Абайдың мол мұрасы – қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы. Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды.//
Қарауыл төбедегі дүбірлі той тұтас қазақты ұйыстырып, рухани серпілтті. Алдымен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен тұрғындар орталық алаңдағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ақын ескерткішіне арнайы тағзым ету үшін Голландиядан кемеңгер жазушы, Мұхтар Әуезовтің немересі, Зифа-Алуа Әуезова да арнайы келген.
ЗИФА-АЛУА ӘУЕЗОВА - МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ НЕМЕРЕСІ
//Абай елі әлемде тұрған әр қазақ үшін рухани, ең маңызды рухани орталығы. Жүректеріміз әрқашанда осында. Абайдың 180 жылдығы ең маңызды әдебиет, мәдениет жағынан өте маңызды.//
Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі. Мерейтой аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі жылжымалы көрме ұйымдастырды. Бұл көпшілікке өңірдің бай тарихи құндылықтарын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. Көрменің мазмұнын толықтыра түскен ерекше құндылықтардың бірі — Абай Құнанбайұлының сирек кездесетін өлеңдер жинақтары мен сандығы болды.
Облыстық мәслихат төрағасы бастаған сырбойылық делегация құрамында ақын-жазушылар, депутаттар мен өнер өкілдері болды.
«Адамзаттың Абайы» ақындар айтысы Абай елі сағына күткен жыр додасы болды. Өткір тілді дүлдүлдер мен домбыраның күмбіріне жұрт сүйсінді. Еліміздің әр түкпірінен келген 12 ақынның жыр бәйгесі 9 сағатқа жалғасты.
БЕРІК УӘЛИ - АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Абай атамыздың тұрақты түрде өтетін айтысы – ол Семейдің төрінде жылда өтуі керек. Біз келесі жылдан бастап осыны қолға аламыз. Ақындар айтысының жылдағы күнтізбелік тізіміне кіргізуді сұраймыз.
Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Әсем Ережеқызы мен Жансая Мусина, екінші орынды Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Бірінші орын Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Ал Семейдегі сөз сүлейлері сайысының бас жүлдесіне тігілген автокөлікті Мақсат Ақанов тақымдады.
Қарауылтөбеде «Жеті қазына» республикалық ұлттық байқауы дүйім жұрттың назарын аударды. Жорға, топ және аламан бәйгеден өткен жарыстардың бәсі жоғары болды. Ұлттық спортқа тігілген жүлденің қоры да қомақты. 90 жылқы, 10 темір тұлпар өз иесін тапты. Жорға жарысында қырғызстандық шабандоз топ жарып, автокөлік жеңіп алды. Топ бәйгеден журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың жүйрігі оза шапты. Аламанда керекулік Ардақ Сәрсеккевтің сәйгүлігі алдына қара салмады.
Ал тоғызқұмалақтан Астана қаласынан келген Биғали Жеңісұлы автокөлік иеленді. Қазақстан бойынша өткен тұңғыш 180 шақырымдық ультрамарафонда Гран – при жүлдесін алған батысқазақстандық Баубек Ильясов темір тұлпар тақымдады. Балуандар арасында 74 келіге дейінгі белдесуде Алматы қаласының спортшысы Жігер Еркінұлының бағы жанып, автокөлік тізгіндеді. Ал маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов Абай тойының «түйе балуаны» атанып, автокөлік мінді.